Қоғам

“Қолдау көрсетулеріңізді сұраймын”: Димаш Құдайберген қуанышты жаңалығымен бөлісті

Димаш мәдени индустрияны, туризм мен экономиканы шоу-бизнес арқылы дамытуға толық дайын екенін атап өтті.

Халық әртісі, әлемге танымал әнші Димаш Құдайберген өзінің продюсерлігімен жүзеге асатын жаңа халықаралық тележоба – «Voice Beyond Horizon» жарыққа шығатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Өнер иесінің айтуынша, бұл жоба тың таланттардың танылуына жол ашып, қазақстандық шоу-бизнеске жаңа серпін береді. Димаш мәдени индустрияны, туризм мен экономиканы шоу-бизнес арқылы дамытуға толық дайын екенін атап өтті.

«Қазақстан шоу-бизнесін халықаралық дәрежеге шығаратын уақыт келді. Біз енді жай көрермен емеспіз – біз сахнаға шығатын елміз. Индустриямызды, туризмді, экономиканы шоу-бизнес арқылы дамытуға дайынбыз. Бұл байқауда жаңа есімдер, жаңа сапа және жаңа көзқарас пайда болады. Бұл шоуды көру – тек тамашалау емес, Қазақстан шоу-бизнесінің жаңа дәуірін қолдау. Әлем бізді тек талантты ел ретінде ғана емес, мәдени ықпал жасай алатын хаб ретінде тануы керек. Сол мүмкіндікті бірге жасайық», – деді әнші.

Сондай-ақ ол көрермендерді жобаның ресми парақшасына жазылып, әлеуметтік желілерде қолдау көрсетуге шақырды.

Айта кетейік, тележобаға Қазақстаннан бөлек Қытай, Қырғызстан, Италия, Малайзия және Сербия елдерінен келген орындаушылар қатысады.