Қоғам

Жаңбыр, жел және тұман: демалыс күндері ауа райы қандай болады

Алдағы күндері Қазақстан аумағында атмосфералық процестердің өзгеруіне байланысты ауа райы тұрақсыз сипат алады. Барикалық циклондар мен антициклондардың алмасуы салдарынан жайлы күндер жауын-шашынды кезеңдермен ауысып отырады.

Синоптиктердің болжамынша, республика аумағында жаңбыр жауып, кей өңірлерде найзағай ойнайды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Әсіресе, 4 сәуір күні елдің солтүстік-батысында, 5–6 сәуір аралығында батыс өңірлерде, ал 5 сәуірде оңтүстік аймақтарда кей уақыттарда нөсер жаңбыр жаууы ықтимал.

Сонымен қатар, ел аумағында желдің күшеюі күтіледі. Түнгі және таңғы уақыттарда тұман түсіп, көріну қашықтығының төмендеуі мүмкін. Ал күндіз кей өңірлерде бұршақ аралас жаңбыр жауып, екпінді жел мен дауыл (шквал) тіркелуі ықтимал.

Температуралық фон да біршама өзгереді. Елдің батысында күндізгі ауа температурасы 15–25 градустан 10–20 градусқа дейін төмендейді. Солтүстік өңірлерде керісінше, 11–20 градустан 15–20 градусқа дейін жылыну байқалады. Шығыс аймақтарда ауа температурасы 15–23 градустан 20–28 градусқа дейін құбылады. Ал қалған өңірлерде айтарлықтай өзгеріс күтілмейді.