АҚШ пен ЕО импортқа 15% тариф енгізуге келісті
Reuters мәліметінше, АҚШ пен Еуропалық Одақ жаңа сауда келісімін бекітті. Енді Еуропадан келетін көптеген тауарларға 30% емес, 15% көлеміндегі импорт салығы қолданылады.
Бұл туралы Шотландияның Тернберри қаласында өткен кездесуден кейін АҚШ президенті Дональд Трамп пен Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен мәлімдеген, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Келісімге сәйкес, Еуроодақ АҚШ экономикасына шамамен 600 миллиард доллар инвестиция салмақ. Сондай-ақ америкалық энергия көздері мен қару-жарақты көптеп сатып алу көзделіп отыр. Трамп бұл келісімді "АҚШ тарихындағы ең ірі мәміле" деп атап, оны Жапониямен жасалған алдыңғы сауда келісімінен де маңызды деп бағалаған.
Жаңа тариф автокөліктерге, дәрі-дәрмектерге және жартылай өткізгіштерге (чиптерге) қатысты енгізіледі. Ал болат пен алюминийге салынған 50 пайыздық баж салығы әзірге сақталады – бұл мәселе кейін жеке талқыланады. Ұшақтар мен олардың қосалқы бөлшектеріне, кейбір химиялық заттар мен ауыл шаруашылығы өнімдеріне тариф қолданылмайды.
Фон дер Ляйен бұл келісімді "ең жақсы шешім" деп бағаласа, Германия канцлері Фридрих Мерц оның неміс автосаласын ауыр соққыдан қорғап қалғанын айтқан. Алайда Еуропа елдерінде 15% тариф тым жоғары деген пікір басым, себебі бастапқыда толық алып тастау күтілген болатын.
Сарапшылар бұл келісімді саяси сипаттағы құжат деп бағалап отыр. Олар мұндай мәмілелер болашақта түсініспеушілікке әкелуі мүмкін дейді – бұған АҚШ пен Жапония арасындағы бұған дейінгі жағдай мысал бола алады. Алкоголь сияқты кейбір тауарларға қатысты келіссөздер жалғаспақ.
Нарық бұл жаңалыққа байсалды реакция білдірді: еуро долларға, фунтқа және иенге шаққанда шамамен 0,2% нығайды.