Президент: Қазақстан Иранға құны 200 миллион доллар болатын тауар тасымалдауға дайын
Бұл туралы Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Иран Ислам Республикасының президенті Масуд Пезешкианмен кездесу барысында айтты.
Келіссөз барысында сауда-экономика, инвестиция салаларындағы ықпалдастық перспективасы қарастырылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Қасым-Жомарт Тоқаев Тегеранда Қазақстанның Сауда үйін ашу бастамасына қолдау білдіріп, Іскерлік кеңестің жұмысын жандандырудың, Қазақстан-Иран бірлескен сауда-өнеркәсіп палатасының әлеуетін толық пайдаланудың маңызын атап өтті.
Жыл басынан бері Иран Қазақстан экономикасына 17,8 миллион доллар тікелей инвестиция салған.
Иран кәсіпкерлері Алматы облысында ірімшік зауытын, Батыс Қазақстан облысында мал терісін өңдеу комбинатын ашу секілді жобаларға белсене атсалысып жатыр.
Қазақстан бизнесмендері де Иран нарығында бірқатар жобаны жүзеге асыруда.
Тараптар Солтүстік – Оңтүстік көлік дәлізі мен Қазақстан – Түрікменстан – Иран темір жолының әлеуетін одан әрі арттыруға мүдделі екенін жеткізді.
Биылғы 10 айдың нәтижесі бойынша аталған бағыттармен тасымалданған жүктің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 53 пайызға артқан.
Президенттер аймақаралық байланысты күшейту үшін көлік-транзит жолдарын одан әрі әртараптандыру, әсіресе, Каспий теңізіндегі порт инфрақұрылымын бірлесе дамыту мәселелерін талқылады.
Бұдан бөлек, келіссөзде ауыл шаруашылығы, энергетика, тау-кен, цифрландыру және жасанды интеллект салаларында бірлескен жобаларды іске асыру перспективасына назар аударылды.