Тоқаев Түрікменстан Президентімен кездесу өткізді
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді
Қасым-Жомарт Тоқаев Сердар Бердімұхамедов және бауырлас түрікмен халқын айтулы дата –Түрікменстанның тұрақты бейтараптығына 30 жыл толуымен құттықтады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Мемлекет басшысы мерейлі сәтке орай ұйымдастырылған халықаралық форумда көтерілетін мәселелердің маңызын атап өтті.
Тараптар екіжақты қарым-қатынасты дамыту перспективасын талқылады. Сердар Бердімұхамедовтің таяуда Астанаға жасаған мемлекеттік сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру барысына айрықша мән берілді.
Түрікменстан Президенті Мемлекет басшысымен Ашхабад қаласында жүздескеніне қуанышты екенін жеткізді.
Мемлекеттер басшылары өзара сауда көлемін арттыру, экономикалық байланыстарды күшейту, энергетика, көлік-логистика және ауыл шаруашылығы салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін қарастырды.