Трамп Ауғанстаннан Баграм әуебазасын АҚШ-қа қайтарып беруді талап етті
Трамп АҚШ-тың Баграм базасында әскери қатысуын қайта жандандыру үшін талибтермен келіссөз жүріп жатқанын хабарлады. Бірақ Кабул бұл ұсынысты қолдамады.
АҚШ президенті Дональд Трамп Ауғанстаннан Баграм әскери әуебазасын Құрама Штаттардың қарамағына беруді талап етті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz RBC.ru-ға сілтеме жасап.
19 қыркүйекте Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармермен кездесуде Трамп Баграмды «әлемдегі ең қуатты әуебазалардың бірі» деп атады. Оның айтуынша, нысан Қытайдың ядролық қару өндіретін жерінен бір сағаттық жерде орналасқан. Ол Джо Байден әкімшілігін әскерді Ауғанстаннан шығару шешімі үшін тағы да сынап, оны «толық апат» деп сипаттады.
Келесі күні саясаткер АҚШ пен «Талибан» арасында Баграмға шағын контингент орналастыру туралы келіссөздер жүріп жатқанын хабарлады. The Wall Street Journal дерегінше, әңгіме лаңкестікке қарсы операцияларға арналған плацдарм құру жайлы. Алайда Ауғанстан Сыртқы істер министрлігі бұл талапты қабылдамайтынын мәлімдеді.
Дегенмен ол саясат пен экономика саласында ынтымақтастыққа дайын екенін айтты.
Reuters-ке пікір білдірген сарапшылар Трамптың бұл бастамасы АҚШ әскерінің қайта басып кіруі ретінде қабылдануы мүмкін екенін атап өтті.