Астанадағы марафонда 82 жастағы қария үздік көрсеткіш көрсетті
Бұл туралы Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы өздерінің ресми парақшасында жариялады
Астана қаласында өткен марафонда 82 жастағы Амангелді Досжанов 10 шақырым қашықтықты небәрі 1 сағат 23 минутта жүгіріп өтіп, спорт сүйер қауымды тәнті етті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
«Егер ниет болса, ешқашан кеш емес. Жаппай жүгіру жарысына қатысқан ерекше қатысушы – 82 жастағы Амангелді Досжанов 10 шақырымды 1 сағат 23 минутта жүгіріп өтті», — делінген басқарма хабарламасында.
Амангелді Досжанов жүгірумен 79 жасында айналыса бастаған. Қазіргі таңда ол аптасына үш рет 5–10 шақырым аралығында жаттығу жасайды. Негізгі жаттығу орны — Халық музыканттары аллеясы мен «Жерұйық» саябағы.
Оқиға астаналықтар арасында үлкен қолдау тауып, көпшілікке денсаулық пен белсенді өмір салтының маңызын еске салды.