"Қайрат" футбол клубының шабуылшысы 16 жасында Еурокубокта тарихи нәтиже көрсетті
- авторСадуақас Айсұлу
- 9 шілде, 2025
- 903
"Қайраттың" шабуылшысы Дастан Сатпаев Чемпиондар лигасында гол соққан ең жас қазақстандық футболшы атанды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Алматылық команда турнирдің бірінші іріктеу кезеңінде Словения чемпионы — Любляна қаласының "Олимпиясымен" сырт алаңда кездесіп, 1:1 есебімен тең түсті. Кездесудің 59-минутында Сатпаев есеп ашып, Еурокубоктардағы алғашқы голын соқты.
Матч Словения астанасы Люблянадағы "Стожице" стадионында өтті. Алғашқы таймда есеп ашылмады. Үзілістен кейін Жоржиньо берген нәтижелі пасты тиімді пайдалана білген Дастан қарсылас қақпасын дәл көздеді. Алайда арада жеті минут өткен соң "Олимпия" сапындағы Диогу Пинту таразы басын теңестірді.
Бұл гол тек Дастанның жеке мансабында ғана емес, жалпы қазақстандық футбол үшін де тарихи сәтке айналды. Ол Чемпиондар лигасында гол соққан ең жас қазақстандық футболшы ретінде рекорд орнатты. "Қайраттың" бас бапкері Рафаэль Уразбахтин жас шабуылшыға негізгі құрамнан орын сеніп тапсырып, Сатпаев бұл сенімді толығымен ақтады.
Айта кетейік, алматылық ұжым төрт жыл үзілістен кейін ел чемпионы атанып, басты еурокубок бәсекесіне қайта оралған болатын. Ал қарсылас "Олимпия" да өз елінің үздігі ретінде жарысқа қатысып отыр.
Сонымен қатар 2025 жылдың ақпан айында "Қайрат" клубы Дастан Сатпаевтың ағылшындық "Челсиге" ауысатынын ресми мәлімдеген еді. Ол 18 жасқа толатын 2026 жылдың жазында Лондонға аттанады. Осы уақытқа дейін шабуылшы "Қайрат" сапында өнер көрсетуді жалғастыра береді.
Еске сала кетейік, қарымта кездесу 15 шілде күні Алматыдағы Орталық стадионда өтеді. Бұл жұптың жеңімпазы Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде Финляндияның КуПС клубы мен Молдованың "Милсами" командасы арасындағы матчтың жеңімпазымен жолығады.
Ұқсас жаңалықтар
Жәнібек Әлімханұлы допинг дауына байланысты мәлімдеме жасады
- авторБақытжан Бекболат
- 3 желтоқсан, 2025





