Ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың қызметіне ЖИ енгізілмек
Отандық технологиялық шешімдерді енгізуге, сондай-ақ озық әлемдік тәжірибемен алмасуды қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды
Бүгін Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен Қазақстанның ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарының қызметіне жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын енгізу мәселелері бойынша жиын өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Оған орталық мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар, салалық бірлестіктер және ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың басшылары қатысты. Күн тәртібінде ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарда жасанды интеллектіні енгізудің ағымдағы мәртебесі, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект негізінде өңдеуші өнеркәсіпті дамыту, өнеркәсіпте жасанды интеллектіні қолдану тәжірибесі және оны одан әрі дамыту жоспарлары қаралды.
Отандық технологиялық шешімдерді енгізуге, сондай-ақ озық әлемдік тәжірибемен алмасуды қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.
Жоспарланған шараларды жүзеге асыру өндірістік үдерістердің тиімділігі мен қауіпсіздігін арттыруға ғана емес, сонымен қатар технологиялық жаңғыртуға, өнімділіктің өсуіне және Қазақстанның индустриялық даму көшбасшылары қатарындағы позициясын нығайтуға тұрақты негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді.