«Ақталуға негіз жоқ»: Ішкі істер министрі Шымкент полициясын қатаң сынға алды
Ішкі істер министрі Ержан Саденов Шымкент қаласының Полиция департаментінде көшпелі кеңес өткізді.
Күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі - қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы іс-қимыл шараларын күшейту, сондай-ақ полиция қатарындағы тәртіпті нығайту болды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz polisia.kz сілтеме жасап.
Қылмыстық істерді тергеу сапасына ерекше көңіл бөлінді. Әсіресе Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс ерекше бақылауда екенін жеткізді. Министр тергеу-жедел бөліністеріне жан-жақты, толық және объективті тергеуді қамтамасыз етуді тапсырып, барлық кінәлі тұлға заң негізінде әділ жазасын алуы тиіс екенін атап өтті.
Қызметтік тексеру қорытындысы бойынша құқықтық тәртіпті тиісті деңгейде қамтамасыз етпегені үшін Полиция департаментінің бастығы мен оның бірқатар орынбасары қызметінен босатылып, сондай-ақ аудандық бөліністердің жекелеген басшылары ішкі істер органдарынан шығарылды.