Есірткімен күрес күшейді: ІІМ жарты жылдық қорытындыны жариялады
2025 жылдың алғашқы алты айында елімізде төрт мыңға жуық есірткіге қатысты қылмыс тіркелген. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Есірткі қылмысына қарсы күрес комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов 18 шілдеде мәлімдеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
ІІМ баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, анықталған деректердің шамамен 1800-і ауыр және аса ауыр санаттағы құқықбұзушылықтарға жатады. Тергеу барысында есірткі тасымалдаушылардан бастап, заңсыз бизнесті ұйымдастырушыларға дейінгі бірнеше қылмыстық схема әшкереленді. Оның ішінде екі бірдей трансұлттық ұйымдасқан топ жойылып, 21 қылмыстық іс қозғалған. Барлығы 11 жетекші мен 43 белсенді қатысушы ұсталды.
Заңсыз айналымнан 6 тоннадан астам есірткі тәркіленсе, оның ішінде синтетикалық түрлерінің көлемі 570 келіге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артқаны байқалады.
Сондай-ақ, есірткі заттары сатылған немесе жасырын зертханалар ретінде қолданылған 103 дәріхананың қызметі тоқтатылды. Есірткі контрабандасына қатысты 63 дерек тіркеліп, құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіруге қатысты 218 заңбұзушылық анықталды.
Бұдан бөлек, жаңа цифрлық технологиялардың пайдасымен қатар, олардың есірткі жарнамасына пайдаланылуы да күрделене түсті. Құқық қорғау органдарының дерегінше, интернеттегі есірткіге қатысты 17 мыңнан астам сайт анықталған. Бұл көрсеткіш жастар арасында оның қолжетімді бола түскенін көрсетеді. Сонымен қатар, күмәнді транзакциялары бар 24 мың банктік шот бұғатталып, олардың жалпы айналымы 2,4 млрд теңгені құраған.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы қаласында Жамбыл облысынан іздеуде жүрген қылмыскердің ұсталғаны хабарланған болатын.