жұма, 5 желтоқсан, 2025 15:02

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Мәжіліс цифрлық кодексті қабылдады: енді жеке деректеріңіз таралмас үшін оларды жоя аласыз

Мәжіліс цифрлық кодексті қабылдады: енді жеке деректеріңіз таралмас үшін оларды жоя аласыз
Pixabay.com
Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметі мәлімдеді

Енді азаматтар жеке деректерінің таралып кетуіне жол бермеу үшін оларды электронды жүйелерден өшіре алады. Мұндай мүмкіндік жаңадан қабылданған Цифрлық кодексте қарастырылған, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Бүгін Мәжіліс аталған құжатты қабылдап, цифрлық кеңістіктегі адам құқықтарын қорғауға бағытталған маңызды қадамды жасады.

Бұдан былай онлайн ортадағы деректер, құжаттар мен смарт-келісімдерге қатысты барлық үдеріс заңмен реттеледі.

Цифрлық кодексте адамның негізгі цифрлық құқықтарын қорғаудың құқықтық негізі белгіленеді. Оған қол жеткізу құқығы, құпиялылық және цифрлық сәйкестендіру құқығы, сондай-ақ ұмыту құқығы – интернетте қалдырылған цифрлық ізді жою мүмкіндігі кіреді.

Цифрлық ортада сәйкестендіру процедураларының, соның ішінде биометриялық және көп факторлы аутентификацияның қауіпсіздігі мен сенімділігін нығайтуға ерекше назар аударылады.

Сонымен қатар электронды цифрлық қолтаңба жалғыз білікті қолтаңба нысаны мәртебесін сақтайды. Ал цифрлық растаулар (SMS кодтар, биометриялық деректер және басқа да нысандар) жоғары заңды маңызы жоқ әрекеттер үшін қолданылатын жеңіл сәйкестендіру нұсқалары ретінде айқындалады.

Кодексте электронды және цифрлық құжаттарды пайдалану да реттеледі. Электронды құжат түпнұсқаға балама болып саналады, цифрлық қолтаңбамен қол қойылады, ол жүйеден тыс пайдаланушының құрылғысында немесе сыртқы жадында болуы мүмкін. Сенімділікті арттыру үшін қосымша қауіпсіздік деңгейлері енгізіледі. Олар: 

- қол қою кезінде құжатты міндетті түрде визуалды түрде көрсету;

- жүктеу сайын міндетті түрде қолтаңбаны тексеру;

- жоғары тексеру стандарттары, бұл электрондық құжатты қағаз нұсқасына қарағанда қауіпсіз етеді және жалған құжат жасаудың алдын алады.

Цифрлық құжат ұлттық анықтамалық деректер тізіліміне кірген кезде динамикалық түрде жасалады және түпнұсқамен тең болады. Цифрлық ақпарат ұлттық тізілімдерден алынған заңды маңызды деректер ретінде танылады.

Алғаш рет смарт-келісімшарттардың құқықтық режимі заңнамалық деңгейде бекітіледі.

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар