Түркістанда тұрмыстық қалдық тарифтері заңсыз есептелгені анықталды
Сонымен қатар бірқатар лауазымды тұлғаға айыппұл салынды
Түркістан облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы облыс аумағында қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға қатысты тарифтерді есептеудің заңдылығына талдау жүргізді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ведомство дерегіне сәйкес, нәтижесінде жергілікті атқарушы органдар тарапынан тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу жұмыстары орындалмаған және орындауға құзіреттері болмағанына қарамастан, негізсіз төлемдер алынғаны анықталды.
Сондай-ақ, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау қызметін көрсетуді конкурс өткізу арқылы жүзеге асырмаған 11 ауданның (Арыс, Жетісай, Мақтаарал, Ордабасы, Отырар, Сарыағаш, Сауран, Созақ, Түркістан, Түлкібас және Төлеби) әкімдіктің лауазымды тұлғаларына ҚР ӘҚБтК-нің 163-бабы 1-бөлігімен үш жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде әкімшілік айыппұл салынып, 5,4 млн теңге мемлекет бюджетіне өндірілді.
Түркістан облысы прокуратурасының сайты мәлім еткендей, қазір қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау қызметін көрсету құқығы міндетті түрде конкурс өткізу арқылы жүзеге асырылу сатысында. Аталған бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.