Ербол Қарашөкеев: "Ел дамуының өзегі де, ырыс пен ынтымақтың бастауы да – өзара құрмет пен келісім"
- авторМағжан Орынбасар
- Бүгін, 12:55
- 1
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жамбылдықтарды Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Құрметті жамбылдықтар!
Сіздерді еліміздің ең шуақты әрі мазмұны терең мерекелерінің бірі – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – сан алуан ұлт пен ұлыстың бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқанын айғақтайтын айрықша күн. Тамыры терең тарихымыз бен тағдыры ортақ болашағымызды жалғайтын ең қастерлі құндылық – бірлік. Ел дамуының өзегі де, ырыс пен ынтымақтың бастауы да – өзара құрмет пен келісім.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, бейбітшілік пен тұрақтылық – өздігінен келетін олжа емес, бұл – бір ел, бір халық болып атқарып жатқан қажырлы еңбектің нәтижесі. Кең-байтақ Қазақстан жерінде әр азаматтың жүрегі «бір ел – бір тағдыр» деген асыл ұғыммен үндесіп тұр. Әртүрлі мәдениеттер мен дәстүрлердің жарасымды үйлесімі қоғамымызды байытып, рухани көкжиегімізді кеңейтуде.
Президент Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында: ел үшін ең үлкен марапат – тыныштық пен тұрақтылық екенін атап өтті. Расында да, татулық жоқ жерде ілгерілеу болмайды. Ынтымағымыз әлсіресе, Тәуелсіздігіміздің баянды болуы да екіталай. Бірлігіміз мығым болса – алынбас асу, бағынбас белес жоқ. Әр шаңырақта береке орнап, өзара сенім мен сыйластық нығая берсін! Баршаңызға зор денсаулық, көңілге тыныштық, еңбектеріңізге табыс тілеймін! Тәуелсіз Қазақстан мәңгі жасай берсін!




