Конституциялық реформалар: Облыс әкімі спорт саласының өкілдерімен кездесті
Жиында саяси өзгерістерге қатысты ұтымды ұсыныстар айтылды
Бүгін облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Талас ауданына жұмыс сапары аясында спорт саласының өкілдерімен кездесіп, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын талқылады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ата Заңға енетін өзгерістерді әзірлеу мақсатында құрамында 130 адам бар Конституциялық комиссия құрылған. Оған елдегі жетекші заңгер-ғалымдар, сарапшылар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері енді.

Ал, Жамбыл облысынан комиссия құрамына облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев кірді.
Осылай деген аймақ басшысы жиында Конституциялық реформалардың мән-маңызына тоқталды.
Сонымен қатар басқосуда реформалар жөніндегі Конституциялық комиссия Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын жариялағаны, жоба 11 бөлім мен 95 баптан тұратыны айтылды.

Басты құжат мемлекеттің адамға бағдарлану сипатын күшейтуді, Қазақстан халқына тән негізгі құндылықтар мен қағидаттарды айқындауды, саяси институттар жүйесінің тиімділігін арттыруды көздейтіні де түсіндірілді.
Өз кезегінде спорт саласының өкілдері жаңа Ата Заң жобасымен танысқанын, әрі қолдайтынын жеткізді.
Бұдан кейін бірқатар ой-ұсыныстар ортаға салынып, ашық пікір алмасты.
Облыс әкімі Конституциялық реформа азаматтардың құқығы мен бостандығы аясын кеңейтіп, заң үстемдігін нығайтуға және әділ, ашық және заманауи мемлекет қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.