Мойынқұм ауданында жол инфрақұрылымы жүйелі түрде дамуда
- авторБақытжан Бекболат
- 31 шілде, 2025
- 530
2025 жылы осы салаға республикалық және аудандық бюджет есебінен 390,6 млн теңге қаржы бөлінген, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Мойынқұм ауданында автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің жалпы ұзындығы 984,6 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар – 342 шқ, облыстық – 271,6 шқ, аудандық – 158,2 шқ және елді мекен көшелері – 212,8 шқ.
2025 жылы жол саласына барлығы 390,6 млн теңге бөлініп отыр, оның ішінде:
- облыстық бюджеттен – 128,0 млн теңге,
- аудандық бюджеттен – 262,6 млн теңге.
Бөлінген қаржы есебінен елді мекен көшелерінің 7,743 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жыл ішінде барлығы 9 жол жөндеу жобасы іске асырылмақ.
Солардың бірі – «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Биназар ауылындағы Жайлаубек көшесін жөндеу жобасы. Аталған жоба шеңберінде ұзындығы 1,1 шақырымды құрайтын көше жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жобаның жалпы құны – 49,3 млн теңге. Қаржыландыру республикалық және аудандық бюджеттерден қарастырылды.
Бүгінде құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, жол пайдалануға берілді. Жоба ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға, көлік қатынасын жақсартуға және ауылішілік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған нақты істердің бірі болып отыр.






