жұма, 5 желтоқсан, 2025 19:47

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Мойынқұмдықтардың мерейін өсірген «Ауыл аманаты»

Мойынқұмдықтардың мерейін өсірген «Ауыл аманаты»
Canva
Ауыл халқының күнкөрісі негізінен мал және егін шаруашылығымен байланысты. Осы тұрғыдан «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарының табысын арттыруға зор серпін берді.

Бағдарлама алғаш рет 2019 жылы Жамбыл облысында пилоттық түрде іске қосылып, кейін бүкіл елге таратылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Жоба арқылы ауыл тұрғындары 2,5% жеңілдетілген несие алып, кәсібін дамытуға мүмкіндік алды. Қарыз 5–7 жылға дейін беріледі, сомасы 2,5 мың АЕК-ке дейін, ал кооперативтер үшін 8 мың АЕК-ке дейін жетеді.

2023–2024 жылдары бағдарламаға 120 млрд теңге бөлініп, 16 мыңнан аса несие берілді, 17 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл қосымша 50 млрд теңге қарастырылып, тағы 8 мың жұмыс орнын ашу жоспарланған. Несие алу талабы жеңілдеп, арнайы ақпараттық жүйе енгізілді.

Бағдарлама басталғалы ел бойынша 540-тан астам ауылшаруашылығы кооперативі құрылды. «Айналым несиесі» қағидаты арқылы қаражат қайта айналымға түсіп, тағы мыңға жуық шағын несие берілді.

2019-2023 жылдар аралығында облыс аудандарынан ауылшаруашылық саласы бойынша 62 ауылдық округ жобаға қатысса, оның ішінде Мойынқұм ауданынан 8 ауылдық округтен 448 аула қамтылған. Былтыр Мойынқұм ауылынан 2, биыл 7 адам қолдауға ие болыпты.

– Жалпы Мойынқұм ауданында жобаның 5 бағытын іске асыруға 2,328 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінді. Осылайша жоба Кеңес, Биназар, Бірлік, Қызылтал, Қызылотау, Жамбыл, Қылышбай және Қарабөгет ауылдық округтерін қамтыды. Ауылдың жағдайы түзелсе, халықтың тұрмысы да жақсарады, ал бұл бүкіл елдің экономикасын нығайтады. Ауылдан бастау алған әрбір іс Қазақстанның өркендеуі мен дамуына қосылған қомақты үлкен үлес деп білемін. «Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен, – дейді Мойынқұм ауданы әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің бас маманы Айдос Дакман.

Биназар ауылдық округі жобаға 2022 жылы қатысқан екен. Ауылдық округ әкімі Қамбар Атаев Биназар ауылында 260 үй болса, ауылдың 67 тұрғынына 226 миллион теңге несие берілгенін айтады.

– Ауылда жобаның екінші бағытымен 1073 сиыр, 170 қой, 265 жылқы сатып алынды. Үй іргесін тиімді пайдалану үшін несиелендіру жұмыстары жүргізілген жоқ. Ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалану үшін 15,8 миллион теңге берілді. Сондай-ақ «Биназар Агро» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі 61,8 миллион теңгеге 15 техника сатып алды. Бесінші бағыт бойынша 1 азамат 6,6 миллион теңге несие алып, наубайхана ашса, одан кейінгі жылдары бір азамат сыйымдылығы 50 адамға дейінгі асхана ашты, – деді Қамбар Сманғалиұлы.

Биназар ауылынан жобаға қатысқан үйдің бірі Берікбай Исаевтың әулиеті. Оның қазір екі үйір жылқысы бар. Көктем шыға қара күзге дейін 4-5 бие байлап, қымызын сатса, күзге қарай 4-5 тайды бордақылап сатумен айналысуда.

– Осы ауылдық округте ақсақалдар кеңесінің төрағасымын. Алғашында жобаға өзім қатыспақшы болып құжат жинап жүрсем, зейнеткерлерге болмайды екен, жасым қазір 68-де. Осыдан кейін 15 күн вақталық әдіспен «Шатыркөл» кен орнында жұмыс істеп жүрген қолымдағы кенже ұлым Бауыржан Қиясов өз атынан құжат жинап, жобаға қатысты. Үш қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірсек, оның барлығы да жоғары оқу бітірген. Барлығы да үйлі-баранды. Бір қызым Таразда, тағы бірі Қаскелеңде, біреуі осында тұрады. Үшеуі де мұғалім. «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 7-8 миллион теңге алдық. Ол қаржының барлығына бие сатып алдым. Қазір сол жылқы екі үйір болды. Өзіміздің 10 гектар суармалы жеріміз бар, жемшөпті сол жерден дайндаймыз, негізінен онда жоңышқа егіледі. Шөптің артылғанын маңайдағы елге сатып, қажетімізге жаратып отырмыз. Одан бөлек, қорамызда бірнеше сиыр мен уақ мал бар. Жалпы ауылда тұрған адамның малы болмаса қиын. Бұл ретте «Ауыл аманатының» тұрғындарға тигізген пайдасы айрықша болып тұр, – дейді Берікбай Қиясұлы.

 

 

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар