"Ән қанатындағы Әбілахат": композитордың әндері жүз жылдыққа орай қайта әуеледі
- авторБақытжан Бекболат
- 26 қараша, 2025
- 189
Осы айтулы датаға орай Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырмасымен Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде «Ән қанатындағы Әбілахат» атты сазды кеш ұйымдастырылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Шараны Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы ұсынды.

Кештің негізгі мақсаты – композитордың бай шығармашылық мұрасын кеңінен дәріптеу, Әбілахат Еспаевтың қазақ руханиятына сіңірген еңбегін жас ұрпақ жадында жаңғырту және ел сүйіп тыңдайтын әндеріне жаңа серпін беру болды. Сонымен қатар бұл кеш жас музыканттарды композитор шығармашылығын терең зерттеп, классикалық қазақ ән өнеріне қызығушылығын арттыруды көздеді.
Шара барысында көрермендерге композитордың өмір жолы мен шығармашылық қазынасын кеңінен танытатын «Әбілахаттың әуезді ғұмыры» атты деректі фильм ұсынылды.

Сахна төрінде филармония әртістері, «Алатау» фольклорлық ансамблі, сондай-ақ «Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталығының» «Көңілді балалар» хоры өнер көрсетіп, халық жүрегінде терең сақталған композитор әндерін жаңаша орындауда тыңдарман ықыласына бөленді.
Кеш бағдарламасына қазақ өнерінің алтын қорына енген «Қыз әзілі», «Ақ сәулем», «Маржан қыз», «Өзгеге көңілің тоярсың», «Аққуым», «Қайдасыңдар достарым», «Сағыныш екен бала кез», «Жайық қызы», «Әлі есімде», сондай-ақ балдырғандарға арналған «Батыр бала Болатбек», ұлттық нақыштағы «Ортеке», игі тілек пен үндеуге толы «Бейбітшілік сақталады» сынды шығармалар енгізілді.
Әбілахат Еспаевтың жанға жақын лирикасы мен ұлттық бояуы қанық шығармалары бүгінгі буынға тың үлгі болып, қазақ музыкасының өркендеуіне қызмет етіп келеді. Бұл кеш – композитор мұрасының мәңгілік екенін дәлелдеген тағылымды мәдени шара болды.






