Жамбыл жаңалықтар

Облыс әкімі Шу ауданында: “Жұмыс жүйелі, нәтиже нақты болуы тиіс”

Бүгін Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Шу ауданына жұмыс сапарымен келіп, аудан орталығындағы Мәдениет үйінде жергілікті тұрғындармен кездесті.

Ашық әрі еркін форматта өткен жиынға аудан тұрғындары, ауыл әкімдері, қоғамдық кеңес мүшелері мен ардагерлер қатысты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

Өңір басшысы алдымен облыс көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталып, Шу ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жайында мәлімет берді.

— Шу ауданы – өңірдегі әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жоғары аудандардың бірі. Бұл аудан инвестиция тартуға, өнеркәсіпті дамытуға қолайлы жағдайларымен ерекшеленеді.

Жалпы, биылғы жылдың басынан бері облыс бойынша барлық деңгейдегі әкімдер 374 кездесу өткізді. Аталған кездесулерге 20 мыңнан астам тұрғын қатысып, олар тарапынан 1 214 түрлі сұрақ пен ұсыныс көтерілді. Барлық ұсыныс пен мәселе назарға алынып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Бүгінгі күнге дейін сол 1 214 мәселенің 512-сі шешімін тапты, 374-іне түсініктеме берілді, ал 328 мәселе бақылауға алынды. Яғни, халықпен кездескенде көтерілген әрбір сұрақты бірден шешу мүмкін емес, бірақ олар кезең-кезеңімен шешіліп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатын болады.

Әрине, бұл ретте қаржылық мүмкіндіктеріміз де ескеріледі. Барлық шешім нақты жоспар мен қаржы шегінде жүзеге асады, – деді Ербол Шырақбайұлы.

Әкімнің айтуынша, биылғы жылдың алғашқы алты айында облыста экономикалық өсім 113 пайызды құраған. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 120 пайызға жетіп, ауыл шаруашылығы саласында 99 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Сонымен қатар, 301 миллиард теңге инвестиция тартылып, 30 ірі жоба іске асырылуда. 52 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр, ал 1 415 пәтер әлеуметтік осал топтарға сатып алынбақ.

— Жалпы, биылғы жылдың басынан бері облыс бойынша барлық деңгейдегі әкімдер 374 кездесу өткізді. Аталған кездесулерге 20 мыңнан астам тұрғын қатысып, олар тарапынан 1 214 түрлі сұрақ пен ұсыныс көтерілді. Барлық ұсыныс пен мәселе назарға алынып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Бүгінгі күнге дейін сол 1 214 мәселенің 512-сі шешімін тапты, 374-іне түсініктеме берілді, ал 328 мәселе бақылауға алынды. Яғни, халықпен кездескенде көтерілген әрбір сұрақты бірден шешу мүмкін емес, бірақ олар кезең-кезеңімен шешіліп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатын болады, – деді облыс әкімі.

Жұмыспен қамту шараларына 25,6 мың адам тартылған. Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту 6,5 пайызға жетіп, 400-ден астам жаңа техника сатып алынған. Әкім тұрғындарға әлеуметтік желі арқылы түскен сұрақтарды да жеке қарап отыратынын айтты.

— Мен өзім де әлеуметтік желілер арқылы тұрғындар тарапынан көтеріліп жатқан мәселелерді үнемі қарап, бақылап отырмын.

Бұл жөнінде әкімдерге де тапсырма берілді. Ақпараттарды жіберіп отырамын. Әрине, бұл іске аудан және ауылдық округ әкімдері де жауапты. Бірақ ең бастысы – кері байланысты орнатып, халыққа түсінікті түрде жеткізуіміз керек, – деді ол.

Оның айтуынша, Шу ауданы биыл инвестиция тарту бойынша облыста көшбасшы аудандардың бірі ретінде танылып отыр. Ауданда іске асырылып жатқан бірқатар ірі жобалар 2026 жылы толық қуатында жұмыс істей бастайды. Бұл жобалар жаңа жұмыс орындарын ашып, аудан экономикасына серпін береді.

Бұдан кейін аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков сөз алып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндама жасады.

Аудан әкімінің айтуынша, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. 2024 жылы 26, ал 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында 11 инвестормен кездесу ұйымдастырылған. Бұл кездесулер аудан экономикасына серпін беретін нақты жобалардың жүзеге асуына негіз болған.

Соның ішінде, «Jibek joly» арнайы экономикалық аймағында жұмыстар қарқын алып, бүгінде құны 791 млрд теңгені құрайтын 21 жоба осы аймақтың қатысушысы ретінде тіркелген. Инвесторларға жер телімдері жалға берілген. Қазіргі уақытта 4 жоба іске қосылып, 5 жоба бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Тағы 12 жоба жобалау кезеңінде тұр. Бұл өндірістер 2026–2030 жылдар аралығында толық қуатында жұмыс істей бастағанда 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Сондай-ақ аудан басшылығы экономикалық аймақтың аумағын кеңейту жұмыстарын қолға алған. Жыл қорытындысымен қосымша 2 800 гектар жер телімі қосылып, арнайы аймақтың жалпы көлемі 3 705 гектарға жетпек.

Кездесу барысында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев бірқатар өзекті мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Әсіресе, қаңғыбас иттерге қатысты түйткілдер мен пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жайы кеңінен сөз болды.

Аудан тұрғындарының айтуынша, елді мекендерде қаңғыбас иттердің көбеюі – қауіпсіздікке тікелей әсер етіп отыр. Көпшілік жиі жиналатын орындарда, әсіресе саябақтар мен демалыс аймақтарында бұл мәселе өзекті күйінде қалып отыр. Облыс әкімі бұл түйткілді жүйелі түрде шешу қажеттігін атап өтіп, ветеринария қызметінің жұмысын күшейтуді тапсырды.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, биылдың өзінде аудан тұрғындарынан қаңғыбас иттер бойынша 52 өтінім келіп түскен. Осы өтінімдер негізінде 949 қаңғыбас ит ауланған. Қазіргі таңда арнайы ветеринариялық пункттер құрылып, стерилизация және вакцинация жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар ағымдағы айдан бастап күшейтіліп, жүйелі форматта жалғасын таппақ.

Сондай-ақ, облыс әкімі Ербол Қарашөкеев пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарының барысын сұрады. Бұл бағытта Жамбыл облысы бойынша 90 мың гектар жерді қайтару жоспары бекітілсе, соның ішінде Шу ауданына 13 мың гектар жер тиесілі.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ауданда шешімін күткен бірқатар маңызды мәселелерге назар аударды. Атап айтқанда, ауданға келіп жатқан жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсетудің маңызын атап өтіп, "Дипломмен – ауылға" жобасының тиімді пайдаланылуы қажеттігін айтты.

Сондай-ақ ол қоғамдық қауіпсіздік пен жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытындағы профилактикалық жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Аудан орталығының көркін бұзып тұрған бос қалған ғимараттарды тәртіпке келтіріп, олар бойынша нақты шешім қабылдауды жүктеді.

Азық-түлік қауіпсіздігі, жанар-жағармай мен сұйытылған газ тапшылығына жол бермеу үшін кәсіпкерлермен жүйелі жұмыс жүргізіп, бұл мәселені тұрақты бақылауда ұстау керектігін ескертті.

Кездесу барысында тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің барлығын аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков тиісті басқармалармен бірлесе отырып, нақты әрі тиімді шешу жолдарын шұғыл қолға алуы қажеттігін айтты.

Соңында облыс әкімі келген тұрғындарға алғысын білдіріп, кездесуден кейін азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдайтынын жеткізді.

— Ауданымыз дамып, өсіп, Шу қаласы өркендей берсін, – деді Ербол Қарашөкеев.