Қордайдағы медициналық серпіліс
Қордай ауданының халқы бүгінде 143 592 адамды құрайды.
Аудан тұрғындарына медициналық қызмет көрсету жүйесі Қордай аудандық орталық ауруханасының кеңейтілген құрылымдары арқылы жүзеге асады. Оның құрамында 3 аудандық аурухана, 1 орталық аудандық емхана, 2 ауылдық емхана, 18 дәрігерлік амбулатория, 12 медициналық пункт және 8 фельдшерлік-амбулаториялық пункт бар.
2024 жылдың қаңтарынан бастап ауруханаға бас дәрігер ретінде Айдын Байбеков жетекшілік етіп келеді. Басшылықтың алғашқы екі жылында мекеменің материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жаңартылып, ұйымдық мәдениет біршама жақсарды. Айдын Байбеков стратегиялық ойлау қабілетімен, принципшілдігімен және әріптестер мен пациенттерге деген жауапкершілікпен ерекшеленеді. Оның бастамасымен ұжымда бірлік пен өзара қолдау күшейіп, тәжірибелі мамандар мен ардагерлерден құралған Ақылмандар кеңесі құрылды.
2025 жылдың қыркүйегінде Қордай аудандық орталық ауруханасы аккредитациядан өтіп, алғаш рет І санатқа ие болды. Бұл — мекеме ұжымы мен әкімшіліктің жүйелі жұмысының айқын нәтижесі.
2024 жылдың қаңтарында Отар, Кенен, Бұлар Батыр ауылдарына, сондай-ақ Қордай ПМСП бөліміне және Тараз қаласына науқастарды тасымалдауға арналған 5 санитарлық автокөлік сатып алынды. Кейін Бетқайнар ауылына тағы 2 автокөлік берілді. 2025 жылы парк жаңа реанимобильмен толықты.
2024 жылдың ақпанында вакцина сақтауға арналған жаңа тоңазытқыш жүйелері орнатылды. Сол жылы Анырахай, Сулутор және Беріктас ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункттер салынып, шалғайдағы тұрғындарға қолжетімді медициналық көмек көрсету жақсарды. ОАРИТ және терапия бөлімшелеріне екі жаңа лифт орнатылды.
2025 жылдың тамызында балалар арасындағы рефракция аномалияларын анықтауға арналған авторефрактометр сатып алынды. Перзентхана-гинекология бөлімін жаңғырту аясында ашық реанимация жүйесі, қан жылыту аппараты, инфузиялық ерітінділерді жылыту құрылғысы, CPAP, фототерапия, балаларға арналған ӨЖЖ аппараты, планшетті УДЗ, реанимациялық кереуеттер, босануға арналған трансформер-кереует, бронхофиброскоп және рентген-диагностикалық жүйе алынды.
2024 жылдың маусымында Медицина қызметкерлері күні кең көлемде аталып өтіп, сол жылы аурухананың 100 жылдық мерейтойы да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. «Қордай ауруханасына — 100 жыл» стелласы орнатылып, халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Ардагерлер мен үздік мамандар мерейтойлық медальдармен марапатталды. Сонымен бірге «Бастау көзінен бүгінгі күнге дейін» кітабы жарық көрді.
Аурухана мамандарының біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді: 56 дәрігер және 194 орта буын маман жоғары санатқа ие. Қызметкерлер Қазақстанда және шетелде білім жетілдіруде. 2024 жылы Саулембаева Б.К. Лондонда оқыса, 2025 жылы Джаксымбаев Н.Б. Кореяда, Тажиева К.Т. Түркияда білім алды.
2025 жылдың қазанында облыс әкімінің орынбасары Айжан Серікбайқызы Есмағамбетова аурухана жұмысын бағалап, үш бағыт бойынша үлгі болуды ұсынды: инфекциялық бақылау, фертильді жастағы және жүкті әйелдерді хаттамаларға сай жүргізу, балалар мен жүкті әйелдерді қауіп топтары бойынша прогрессивті бақылау.
Қордай ауруханасында кадр тапшылығы өзекті күйінде қалып отыр. Әсіресе ВОП дәрігерлері, балалар офтальмологы, невропатологы және кардиологы қажет.
Барлық қиындықтарға қарамастан, Қордай аудандық орталық ауруханасы тұрақты дамуда. Қызметкерлер кәсіби деңгейін үздіксіз жетілдіріп, халыққа сапалы медициналық көмек көрсету жолында еңбек етуде. Бұл өзгерістер — бас дәрігер Айдын Байбековтің тиімді басқару стратегиясының нәтижесі.
Қордай аудандық орталық ауруханасы
Ақылмандар кеңесінің төрайымы
Несіпбаева Г.М.