жұма, 30 қаңтар, 2026 13:14

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Президент қолынан марапат алған жамбылдық оқушының арманы асқақ

Президент қолынан марапат алған жамбылдық оқушының арманы асқақ
Aqorda
Бүгінде жасанды интеллект тек технологиялық дамудың құралы ғана емес, әлеуметтік мәселелерді шешудің де маңызды тетігіне айналып отыр. Бұл бағытта елімізде тың бастамалар пайда болып, жас буынның жаңашыл ойы нақты нәтижеге ұласып келеді.

Соның жарқын мысалы — Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Тәжіхан Мадидің командасымен бірге жүзеге асырған ÚMIT жобасы.

Úmit — жасанды интеллектке негізделген инновациялық жүйе. Ол мүмкіндігі шектеулі жандарға телефон, компьютер, планшет секілді цифрлық құрылғыларды, тіпті электрлік мүгедектер арбасын да бас пен ауыз қимылдары арқылы өздігінен басқаруға мүмкіндік береді.

Жоба идеясы балалар үйінде жүргізілген волонтерлік қызмет барысында қалыптасқан.

– Біз балалар үйінде волонтер болып жүрген кезде бір бала жоғары сөреден кітап алып беруімізді сұрады. Сол сәтте бір ғана кітаптың артында қаншама шектеу тұрғанын түсіндім. Бұл жай ғана кітап емес, адамның өз бетімен әрекет ете алмауы, өз еркіндігін сезіне алмауы еді.

Дәл сол мезетте балаларға тек кітапты емес, тұтас әлемге жол ашатын мүмкіндік берсек ше деген ой туды. ÚMIT идеясы дәл сол жерде пайда болды, – дейді Тәжіхан Мади.

Волонтерлік жұмыс барысында команда мүшелері мүмкіндігі шектеулі балалардың күнделікті өмірде кездесетін қиындықтарын өз көздерімен көрген. Қарапайым әрекеттердің өзі олар үшін үлкен кедергіге айналатынын түсінген жас зерттеушілер бір баланың «мен де компьютерді өзім қолданғым келеді» деген сөзіне ерекше мән берген.

– Бүгінде көптеген мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін цифрлық технологиялар мен еркін қозғалыс қолжетімсіз. Қол қозғалысы шектелген жағдайда телефон немесе компьютерді пайдалану қиын, ал мүгедектер арбасын өздігінен басқару көбіне өзге адамның көмегін талап етеді. Бұл олардың білім алуына, қашықтан жұмыс істеуіне және цифрлық ортаға араласуына кедергі келтіреді.

Мәселе тек техникада емес — цифрлық қолжетімсіздік адамның әлеуетін шектейді. Ал көптеген адамдар физикалық мүмкіндігі шектеулі болғанымен, басы мен тілін толық бақылай алады. Алайда осы мүмкіндікті пайдалануға арналған тиімді шешімдер аз. Úmit дәл осы олқылықтың орнын толтырады, — дейді жоба авторы.

Жобада қолданылатын негізгі құрылғы — капа, яғни тіс қорғанышына ұқсас, ауыз қуысына бекітілетін шағын құрылғы. Ол күнделікті қолдануға ыңғайлы әрі Bluetooth немесе Wi-Fi арқылы смартфон, ноутбук, планшет, теледидар сияқты кез келген цифрлық құрылғымен қосылады.

Бас қимылдары экрандағы курсорды басқарса, тіл қозғалысы батырмаларды басу мен таңдау жасауға жауап береді. Басқару тәсілі табиғи болғандықтан, пайдаланушы жүйені тез меңгереді және ұзақ қолданғанда да ыңғайсыздық сезінбейді.

Сондай-ақ капа электрлік мүгедектер арбасын басқаруға мүмкіндік береді: басты алға еңкейту — алға қозғалу, оңға немесе солға бұру — бағытты өзгерту қызметін атқарады. Барлық әрекет адамның сақталған табиғи қимылдарына негізделген.

Жасанды интеллект бұл жүйеде пайдаланушыға бейімделетін «ақылды серік» ретінде жұмыс істейді. Ол бас пен тіл қимылдарын біртіндеп үйреніп, басқаруды жеңілдетеді. Мәселен, курсор батырмаға жақындағанда, жүйе оны автоматты түрде дәл бағыттайды, ал жазу барысында қателерді түзетіп, нәтижені анық көрсетеді.

Úmit-тің тағы бір артықшылығы — оны пайдалану үшін қымбат немесе күрделі техника қажет емес. Көптеген балама шешімдер инвазивті операцияларды немесе ауыр құрылғыларды талап етсе, ÚMIT жеңіл әрі қолдануға ыңғайлы капа түрінде жасалған.

Жоба өз тиімділігін халықаралық деңгейде де дәлелдеді. Úmit Digital Bridge форумы аясында өткен AI SANA GENERATIVE NATION байқауында үздік жобалардың қатарына енді. Байқауға Қазақстанның барлық өңірінен 335 өтінім түсіп, соның ішінен небәрі 20 команда финалға жолдама алған. Солардың қатарында Тәжіхан Мадидің командасы да болды.

Форум аясында Астанада Alem AI — жасанды интеллект саласындағы жаһандық көшбасшыларды біріктіретін орталықтың ашылуы өтті. Шараға Мажарстан Президенті Тамаш Шуйок, Telegram негізін қалаушы Павел Дуров, Google сарапшысы Питер Норвиг және өзге де халықаралық деңгейдегі сарапшылар қатысты.

Салтанатты жиында қазақстандық жас стартап иелері марапатталып, THE BEST SCHOOL AI STARTUP номинациясының жеңімпазы атанды. Сонымен қатар жоба авторлары Қазақстан Президентінің қолынан арнайы марапат алды.

Тәжіхан Мадидің айтуынша, Úmit жобасының басты құндылығы — оның әлеуметтік маңызында.

– Бұл жоба — мүмкіндігі шектеулі жандардың технология арқылы өз мүмкіндіктерін кеңейтуіне жасалған нақты қадам. Біз үшін ең үлкен жетістік — олардың өмірін жеңілдету, — дейді жас өнертапқыш.

Бүгінде Úmit — жай ғана стартап емес, инклюзивті қоғам құруға бағытталған үміт пен сенімнің символына айналып отыр. Бұл бастама қазақстандық жастардың ғылым мен технологияны адамзат игілігі үшін тиімді пайдалана алатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар