Сарыкемерде заманауи спорттық сауықтыру кешені ашылды
Байзақ ауданында Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Бүгін аудан орталығы – Сарыкемер ауылында заманауи спорттық сауықтыру кешені пайдалануға берілді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Аумағы 1000 шаршы метрден асатын ғимаратта волейбол, баскетбол, футбол, стол теннисі үйірмелері және жаттығу залы жұмыс істейді. Жаңа нысанға Ұлттық қор мен облыстық бюджеттен 302,5 млн теңге қаржы бөлінді. Құрылыс «Bek Stroy - 2010» ЖШС мердігерлік ұйымымен жүргізілді.
Ашылу салтанатында аудан әкімі Олжас Баққараев жас ұрпақтың дені сау, шымыр және салауатты болып өсуінде бұқаралық спорттың маңызын атап, аудан бойынша 208 спорттық нысан және 45 шағын футбол алаңы жұмыс істейтінін жеткізді. Сондай-ақ бұқаралық спортпен айналысушылар саны жыл сайын өсіп келе жатқанын айтты.
КСРО чемпиондарының бірнеше дүркін жүлдегері, Самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Байзақ ауданының құрметті азаматы Алмас Мұсабеков спорт инфрақұрылымының дамуы болашақ жеңістердің негізі екенін атап өтті.
Ашылу рәсіміне аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердібек Омаров және спорт ардагері Асқар Смайылұлы қатысты. Ақжаулықты әжелер дәстүр бойынша тәттіден шашу шашты. Жиналған көпшілік жаңа кешенмен танысып, мүмкіндіктерін көрді.
Шара барысында аудан әкімі «AQ Бидай – 2025» VIII республикалық ойындарында кіші футболдан үш дүркін чемпион атанған Байзақ ауданы командасына бірыңғай спорттық киімдер табыстады.
Кешен тек кәсіби спортшыларға ғана емес, сонымен қатар бұқаралық спортпен айналысатын жастар мен тұрғындарға салауатты өмір салтын ұстануға мүмкіндік береді.