«Сен берген гүл» тақырыбында әдеби-сазды кеш өтті
Әдеби кеш ақын туралы арнайы дайындалған бейнероликпен ашылып, көпшілік назарына «Сен берген гүл» шығармасының сахналық көрінісі ұсынылды.
Бүгін М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде ақын, тележурналист, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Ғайни Әлімбекқызына арналған «Сен берген гүл» атты әдеби-сазды кеш өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Шараға «Абай ТВ» телеарнасының бас продюсері, Халықаралық «Болашақ» бағдарламасының түлегі, ақын, тележүргізуші, филология ғылымдарының кандидаты Жаңылхан Асылбекова, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, белгілі режиссер-документалист Ботагөз Исмаил, ҚР Ұлттық кітапханасының «Көрме және мәдени бағдарламалар» қызметінің топ жетекшісі, ҚР мәдениет саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің және ҚР Президентінің «Алтын барыс» төсбелгісінің иегері Қайырниса Жұмашева, Қазақстанның Құрметті құрылысшысы Сыздық Борсабаев, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер Нұрғиса Сүлейманов пен Ардақ Ақсақалова қатысты.

Кештің басты мақсаты – ақынның поэзиясы мен журналистикалық мұрасын жас буынға кеңінен таныстырып, ұлттық құндылықтар мен руханиятқа деген қызығушылықты арттыру. Сонымен қатар, туған жерге, ел мен ұлтқа сүйіспеншілік, адамгершілік пен ізгілік тақырыбын тереңірек ұғындыру көзделді.
Әдеби кеш ақын туралы арнайы дайындалған бейнероликпен ашылып, көпшілік назарына «Сен берген гүл» шығармасының сахналық көрінісі ұсынылды. Бұл қойылым кештің лирикалық тынысын айқындап, ақын өлеңдерінің нәзік иірімдерін көрерменге жақындатты. Бұдан бөлек, Ғайни Әлімбекқызының Тараз қаласына арналған жырлары оқылып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Ақын өз туындыларында қаланың тарихи болмысын, рухани құндылығын, киелі орда ретіндегі келбетін терең сезіммен өрнектейді.

Ғайни Әлімбекқызының Жамбыл облыстық телеарнасындағы отыз жылға жуық қызметі өңірлік журналистиканың дамуына үлкен серпін бергені атап өтілді. Оның «Айна», «Айша бибі», «Өмір-өткел», «Жомарт жүрек», «Ғұмырнама», «Тараз төрінде» сынды бағдарламалары телеарнаның алтын қорында сақтаулы. Сонымен қатар түсірген деректі фильмдері мен тарихи жобалары бүгінгі жас журналистер үшін үлгі-өнеге.
Кешке келген құрметті қонақтар ақынның шығармашылық жолына жоғары баға беріп, оның әрбір туындысы ұлттық рух пен туған жерге деген махаббатты насихаттайтынын ерекше атап өтті. Шығармалары жас буынның әдебиетке қызығушылығын оятып, поэзия әлемін терең тануға жол ашатыны да сөз болды. Ғайни Әлімбекқызының шеберлігі мен рухани дүниесі кеш көрерменіне мол тағылым сыйлағаны айтылды.

«Сен берген гүл» атты әдеби-сазды кеш рухани әсерге толы мәдени шара ретінде есте қалды. Қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, өздерінің жүрекжарды лебіздерін жеткізді.