Сенаторлар Қордай ауданындағы әлеуметтік нысандардың жай-күйімен танысты
- авторБақытжан Бекболат
- 15 шілде, 2025
- 563
15 шілде күні Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Бекболат Орынбеков пен Сәкен Арубаев Қордай ауданына жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Аудан бойынша таныстыру жұмыстарын Қордай ауданы әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов жүргізді.
Делегация сапарын Қордай ауылындағы аудандық орталық ауруханадан бастады. Мұнда емдеу мекемесінің материалдық-техникалық базасы, дәрігерлердің қызметі және медициналық қызмет сапасы талқыланды. Одан кейін Д.Қонаев атындағы №1 мектеп-гимназияға барып, ғимараттың қазіргі жағдайымен танысты.
Сенаторлар Қордай ауылындағы көпқабатты тұрғын үйлерге жылу беретін орталық қазандықты да аралап, алдағы қыс маусымына дайындығы жөнінде тиісті мәлімет алды.
«Сапалы медицина мен қауіпсіз, жылы үй – халық үшін басты қажеттіліктердің бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуы тиіс», — деді сенатор Бекболат Орынбеков.
Сапар барысында делегация «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан білім нысандарына да барды. Жамбыл облысында 2023–2025 жылдар аралығында жалпы 9500 оқушыға арналған 12 жаңа мектеп салынбақ. Соның ішінде Қордай ауданындағы Қаракемер және Қарасу ауылдарында 300 орындық екі мектептің құрылысы 2024 жылы басталған. Қос нысан 2025 жылы пайдалануға берілуі тиіс.
Құрылыс барысымен танысқан сенаторлар мердігерлерге жұмыс сапасы мен белгіленген мерзімнің маңыздылығын ескертті.
«Бұл – ауыл мен қала арасындағы білім теңсіздігін қысқартатын маңызды жоба. Әр кірпіш – балалардың болашағына жасалған инвестиция», — деді сенатор Сәкен Арубаев.
Сапар соңында делегация Сортөбе ауылындағы М.Мәметова атындағы мектептің жылу жүйесін көріп, бірқатар ескертулер мен ұсыныстар берді.
Қорытынды отырыста Сенат депутаттары аудан басшылығына әлеуметтік инфрақұрылымның сапалы салынуы мен тұрақты бақылауда болуы – тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер ететінін атап өтті. Жауапты органдарға бұл бағыттағы жұмысты жүйелі жалғастыру қажеттігі жеткізілді.






