Бүгін облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов дін саласының өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жиында алғаш боп сөз алған облыс әкімдігінің дін істері басқармасының басшысы Сәкен Мыңбаев салада атқарылып жатқан жұмыстарды сөз етіп, өңірдегі 23 мешітте имам жоқ екенін алға тартты. Сонымен қатар облыстың бас имамы Асқар Зәкіржанұлы ислам бағытындағы діни бірлестіктердің жай-жапсарын баяндап өтті.
Кездесуде мешіт имамдарымен облыс жастары арасында уағыз, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу жолдарын бірізділікке келтіру мәселелері талқыланды.

Дін өкілдерінің қоғам алдындағы негізгі міндеті-жамағатты жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтару, ел арасында бірлікті, ынтымақты насихаттау.
Облыс әкімінің орынбасары дін өкілдері тарапынан айтылған өзекті ұсыныстарға қолдау көрсететінін және бірлесе жұмыс жасауға әрқашан дайын екендігін жеткізді.
Басқосу барысында ата дәстүр - салтымызбен біте қайнасқан асыл дініміздің тәрбиелік тағылымын өскелең ұрпаққа насихаттау бойынша түрлі ұсыныс-пікірлер айтылды.
Жиын соңында Серік Жақсылықұлы сауапты істің басынан табылған азаматтарға облыс аумағындағы жастар арасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы жүргізілетін насихат жұмыстарын күшейтуді, сонымен қатар Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» акциясын қолдауға, «Заң және тартіп» қағидатын қоғам ішінде ілгерілетуге шақырды.






