Жамбыл жаңалықтар

Ш.Ниязбеков ауылында жаңа мәдениет үйі бой көтеруде

Бұл – жергілікті халықтың көптен күткен, әлеуметтік маңызы жоғары жобаларының бірі.

Жамбыл облысы, Жамбыл ауданына қарасты Ш.Ниязбеков ауылында қазір үлкен серпіліс байқалуда. Ауылдың мәдени өміріне тың серпін беретін жаңа нысан – заманауи мәдениет үйінің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Аталған құрылыс «Ауыл – Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының аясында жүзеге асырылуда. Жобаның жалпы құны – 514 771 000 теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары 2025 жылғы 22 маусымда басталды. Мердігер компания ретінде «AKM GROUP» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі таңдалған. Нысанның сапалы әрі талапқа сай салынуын қамтамасыз ету мақсатында техникалық қадағалауды «TechEconomEnergy» ЖШС жүргізуде. Ал жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеген – «Южказпроект» Жобалау институты» ЖШС.

Жоба бойынша болашақ мәдениет үйі – көпфункциялы, заман талабына сай жабдықталған нысан болмақ. Мұнда тек концерттік зал ғана емес, түрлі бағыттағы үйірмелерге арналған арнайы бөлмелер, кітапхана, мәжіліс залдары және мәдени шараларды өткізуге арналған кең алаңдар қарастырылған. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы болу үшін инфрақұрылымда қолжетімді орта талаптары да ескерілуде.

Бұл жоба ауыл халқының мәдени өмірін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Мәдениет үйі – кез келген елді мекеннің рухани тірегі. Сондықтан да оның ашылуын ауыл жұртшылығы үлкен үмітпен күтіп отыр. Қазіргі таңда ауылда шығармашылықпен айналысқысы келетін жастар мен балалар саны артып келеді. Олар үшін кәсіби шеберлігін шыңдап, өнерлерін дамытатын алаң қажет-ақ. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа мәдениет үйі сол сұранысты қанағаттандыруға толық мүмкіндік бермек.

Нысанның құрылыс жұмыстары 2026 жылы аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Бұл тек мәдениет саласының ғана емес, тұтас ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды оқиға болғалы тұр.

Айта кету керек, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында еліміздің түкпір-түкпірінде инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асып келеді. Оның ішінде мәдениет ошақтарын жаңғырту мен жаңа нысандар салу арқылы ауылдағы тұрмыс сапасын арттыру, жастарды тұрақты жұмыспен қамту, мәдени шараларды дамыту бағыттарында нақты нәтижелер беруде. Ш.Ниязбеков ауылындағы мәдениет үйі – осы игі бастаманың жарқын көрінісі. Жаңа нысан іске қосылған соң, ауылда түрлі мерекелік бағдарламалар, театрлық қойылымдар, көрмелер мен оқушылар мен жастарға арналған шығармашылық жобалар ұйымдастырылады. Бұл ауыл өмірін көркейтіп қана қоймай, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне жол ашады. Сонымен қатар, ауыл өнерпаздарының да шығармашылық әлеуетін арттыруға үлкен мүмкіндік береді.

Тұрғындардың айтуынша, бұрын мәдени шаралар мектептің акт залында немесе ашық алаңда өткізілетін. Ал жаңа мәдениет үйі іске қосылғаннан кейін бұл қиындықтар артта қалады. Ел ішіндегі талантты өнерпаздар мен жас буын енді өз өнерін кең аудиторияға ұсынатын мүмкіндікке ие болады.

Жамбыл ауданындағы мәдениет саласында ірі жобалар қатар іске асырылып жатыр. 2025 жылы Қызылқайнар ауылдық мәдениет үйінің ғимараты пайдалануға берілді. Сонымен қатар, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің (құрылысы 97% аяқталған), аудандық архивтің, балалар мен жасөспірімдер сарайының (құрылысы 90% орындалған) ғимараттары бой көтеріп, пайдалануға берілмек. Одан бөлек, Бесағаш ауылындағы мәдениет үйінің құрылысы басталса, Бірлесу-Еңбек ауылындағы ауылдық клубтың жобалық сметалық құжаты әзірленуде. Бұл нысандардың барлығы Жамбыл ауданының мәдени әлеуетін арттыруға, елді мекендерде тұрғындардың сапалы демалуына және рухани дамуына жол ашпақ. Аталған жобалар ауданның көркеюіне, ауыл мәдениетінің өркендеуіне бағытталған игілікті істердің нәтижесі.