жұма, 3 сәуір, 2026 22:20

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Сырты бүтін, іші түтін: Мойынқұмдағы жаңа үйлердің сапасы сын көтермейді

Сырты бүтін, іші түтін: Мойынқұмдағы жаңа үйлердің сапасы сын көтермейді
Фото: Jambylinfo.kz
Мойынқұм ауданының тұрғындары бізге көптен бері қордаланған мәселелерді көзбен көруге қолқа салған соң, жуырда арнайы іссапармен барған едік.

Ауыл тұрғындарының айтқанындай, мұнда түйіні тарқамаған мәселелер аз емес. Соның бірі — Мойынқұм ауылының М.Мәметов көшесінің бойынан 2024 жылы салынып, пайдалануға берілген әрқайсысы екі отбасыға арналған бірнеше тұрғын үйдің жағдайы. 

Аталған баспана иелерінің көтерген мәселелері орынды. Себебі, сырт көзге тартымды көрінген үйлердің сапасы сын көтермейді. Тіпті кейбір үйдің ішкі қабырғалары жарылып, көгере бастаған. Тұрғындар қыстың көзі қырауда қабат-қабат көрпе жамылуға мәжбүр. Өйткені, қанша жерден от жақса да, іштегі жылу сыртқа қашады. Шатыр жабындысының асты жылу сақтауға қауқарсыз. Қамыс төселгенімен, белдемше ағаштардың үстінен тиісті құрылыс талаптарына сай тақтай ұрылмаған. Тек қамыс үстіне топырақ шашылған. Оған қоса пайдаланатын алаңы 68,9 шаршы метрді құрайтын үйге ай сайын 12 мыңға жуық теңге төлеп тұратын олар осынау нысанның басыбайлы өз меншіктеріне берілер-берілмесін де білмей дал. 

Көпбалалы ана Айгүл Жұманова бұл жағдайға алаңдаушылық білдіріп, өз пікірін ашық жеткізді. 

«Бұл үйде негізінен әлеуметтік осал топ өкілдері тұрады. Осы санаттағы азаматтарға сапасыз үй беру – әділетсіздік әрі құрылыстың дұрыс қадағаланбағанының айғағы. Өзгесін айтпағанда, үйіміз тым суық. Бетон үстіне линолеум төсей салу қайдан шыққан стандарт?! Міне, осыдан кейін қыс мезгілінде 5-6 тонна көмір жағуға тура келеді. Ал ол аз ақша тұрмайды ғой. Біздің осы уәжімізге «ұнамаса тұрмай-ақ қой» деп сөге-жамандайтындар да табылар. Сіздерге пікір айтқанымыз үшін қысымға ұшыраймыз ба деген қорқынышымыз да жоқ емес», – деп қынжылысын білдірді.

Жалпы, бұл – бір ғана отбасының мәселесі емес. Бірнеше тұрғын осыған ұқсас жағдайды алға тартып отыр. Яғни, мәселе жекелеген ақауда емес, құрылыс сапасының жүйелі түрде төмен болғанын аңғартады. Мәселе мұнымен шектелмейді. 

Аталған үйлерге қарама-қарсы беттенде екі отбасылық он тұрғын үй салынған екен. Бұл үйлер қаңырап, бос тұр. Онымен қоса кейбірінің қақпалары қисайып, тіпті құлап қалған. Осы жағдайға байланысты Мойынқұм ауданы әкімдігіне барып, аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Алибек Нагыметуллаұлының пікірін білдік. Оның айтуынша, бұл үйлердің жағдайы әкімдікке белгілі.

«Аталған үйді қабылдап алған кезде өз басым бұл қызметке тағайындалмаған едім. Иә, үйдің сапасына байланысты айтылған сын-пікірмен келісемін. Алайда, кез келген жаңадан салынғанда әп-әдемі боп тұратыны белгілі. Былайша айтқанда, қабырғалары жарылмайды, едені көтерілмейді дегендей. Оның үстіне салынып жатқан үйлерді мамандар өз бақылауына алады. Ал бұл жерде дайын нысан сатып алынып, уақыт өте оның кем-кетіктері пайда бола бастаған. Десе де, біз қол қусырып қарап отырған жоқпыз. Мәселен, бұған дейін құрылысын жүргізген жауапты мердігер компанияның өкіліне айтып, сондағы бір ақсақалдың үйін жөндеп бердік. Шын мәнінде, бұл нысанға мердігер тарапынан кепілдік берілмейді. Ал біз құрылыс компаниясымен тиісті келіссөздер жүргізіп, бұл істің оң шешілуіне ықпал етіп келеміз. Тағы бір айта кететін жайт, алдағы уақытта өртке оранған және едені көтеріліп кеткен үйлерге де жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Нәтижесін, бір-екі айдан соң көретін боламыз», – деді әкімнің міндетін атқарушы Алибек Нагыметуллаұлы.

Сонымен қатар ол қарама-қарсы салынған 10 үйдің қазіргі таңда құрылыс бөлімінің балансында тұрғанын және бір жылдық кепілдік мерзімі бар екенін атап өтті. Оның сөзіне сенсек, кем-кетік түзелмейінше нысан тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің меншігіне өтпейді. Бұл туралы мердігер компанияға ескертіліпті. Ал тұрғындарды толғандырған тағы бір маңызды мәселе – баспананың құқықтық мәртебесі. Яғни, олар бұл үйлерді толықтай өз атына рәсімдей ала ма, әлде өмір бойы жалға тұра ма деген сұрақ туындап отыр. Бұл сұрақтарды біз аудан әкімдігінің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Жазира Жанәділоваға қойдық. Оның айтуынша, азаматтар өздеріне берілген тұрғын үйді кез келген уақытта жекешелендіріп ала алады. Ол үшін шамамен 1 миллион 900 мың теңге көлемінде бастапқы жарна төлеу қажет.

«Бұрынғы талап бойынша тұрғын үй 10 жылға жалға берілетін. Осы мерзімнен кейін ғана оны жекешелендіріп алу жұмыстары мүмкін еді. Ал қазір мұндай талап жоқ. Тұрғындар кез келген уақытта жекешелендіріп алады. Ол үшін 1 миллион 900 мың теңге көлемінде алғашқы төлем жасалуы тиіс. Содан кейін қаражаттың қалған бөлігін бөліп төлейді. Сондай-ақ мұнда көпбалалы ана немесе осал топтағы жан екенін растайтын анықтамаларды жинаумен қатар коммуналдық қызметтерге қарыз еместігін дәлелдейтін құжаттарды өткізуі керек. Егер алғашқы төлем жасауға шамасы жетпесе, айы сайынғы 11804, 64 теңгені төлеп өмір бойы тұра берсе де болады», – дейді Жазира Ержігітқызы.

Бұл түйткілдердің шешімі уақыт еншісінде. Алайда жергілікті билік халық қаржысына салынған әрбір нысанның сапасына жауапкершілікпен қарап, күмән тудыратын жағдайларға жол бермесе дейміз.

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар