Түзеу мекемесінде ерекше шара өтті
Концерт барысында патриоттық әндер шырқалды
Жамбыл облысы ҚАЖД 58-мекемесінде сотталған азаматтарға мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында ерекше шара өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Мекеме әкімшілігінің ұйымдастыруымен және К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы өнерпаздарының қатысуымен “7 мамыр – Отан қорғаушы күніне” арналған “Айналдым сенен, Атамекенім!” атты қайырымдылық концерттік бағдарламасы ұсынылды.
Концерт барысында патриоттық әндер шырқалып, көрермендерге рухани қолдау көрсетілді. Өнер иелері Отанға деген сүйіспеншілік пен елге қызмет етудің маңызын насихаттай отырып, жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Шараның басты мақсаты – сотталған азаматтарды қоғамнан оқшауламай, олардың рухани-мәдени дамуына ықпал ету, сондай-ақ мерекелік күннің мән-маңызын жеткізу болды. Концерт соңында көрермендер өнерпаздарға алғыстарын білдірді.