Жамбыл жаңалықтар

Таразда 300-ден астам студенттің қатысуымен нашақорлыққа қарсы акция өтті

Негізгі мақсат – жастар арасында салауатты өмір салтын ұстануды қалыптастыру және есірткіге деген теріс көзқарасты нығайту болды.

Таразда 300-ден астам студенттің қатысуымен нашақорлыққа қарсы акция өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz  Polisia.kz. сілтеме жасап. 

Жамбыл облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері кинологиялық қызметпен және Тараз қаласы әкімдігінің Жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, 2026–2028 жылдарға арналған нашақорлықпен күрес жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру аясында М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің студенттеріне арналған “Қазіргі цифрлық әлемдегі нашақорлық” тақырыбында профилактикалық акция өткізді. Іс-шараға 300-ден астам студент қатысты.

Кездесу барысында қатысушыларға есірткі және синтетикалық заттарды қолданудың зияны мен салдары түсіндіріліп, есірткі қылмысының заманауи үрдістері туралы айтылды.

Әсіресе, есірткінің интернет, мессенджерлер және анонимді арналар арқылы, соның ішінде “жасырын орындар” (“закладка”) тәсілімен таратылатынына ерекше назар аударылды. Сондай-ақ студенттерге синтетикалық есірткінің аса қауіпті екені, оның тез тәуелділік туғызатыны және денсаулыққа орасан зор зиян келтіретіні ескертілді.

Полиция қызметкерлері жастарды нашақорлық мәселесіне бейжай қарамауға және оның алдын алу жұмыстарына белсенді қатысуға шақырды. Іс-шара соңында қатысушыларға қызметтік-іздестіру иттерінің жұмысы көрсетілді. Кинолог мамандар есірткі заттарын іздеу және шартты құқық бұзушыларды ұстау дағдыларын көрсетті.

Бұл студенттердің ерекше қызығушылығын тудырды. Аталмыш акция нашақорлықтың алдын алуға және жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға маңызды үлес қосты.