Таразда есірткі жарнамасына қарсы ауқымды акция өтті
Акция барысында бірнеше сағат ішінде қала аумағындағы ғимараттар қабырғаларынан 100-ден астам жазу мен 30-ға жуық граффити өшірілді.
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Жамбыл облысында кезекті маңызды іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйытқы болуымен Тараз қаласында заңсыз есірткі жарнамасы бар граффити жазуларын жою акциясы өтті.
Ауқымды шараға Жамбыл облысы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері, «Жасыл ел» еңбек жасақтарының волонтерлері және Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының мамандары белсенді қатысты. Олар қала көшелері мен мөлтек аудандардағы тұрғын үйлердің қабырғаларына жазылған заңсыз белгілерді анықтап, жою жұмыстарын жүргізді.
Акция барысында бірнеше сағат ішінде қала аумағындағы ғимараттар қабырғаларынан 100-ден астам жазу мен 30-ға жуық граффити өшірілді. Бұл жазбалардың басым бөлігі есірткі құралдарын жарнамалауға бағытталған заңсыз ақпараттар болған.
Мамандардың айтуынша, мұндай граффити жазулар жастарға кері әсер ететін негізгі себептердің бірі. Сондықтан оларды дер кезінде жою – қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды қадамы.
Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да осындай профилактикалық шаралар жалғасатынын атап өтті. Акцияның басты мақсаты – қала тазалығын сақтау ғана емес, сонымен қатар тұрғындар арасында құқықтық мәдениетті арттыру және жастарды зиянды әдеттерден қорғау.