Жамбыл жаңалықтар

Таразда полиция инспекторларының республикалық слеті өтті

Іс-шарада бірқатар қызметкер марапатталды

Тараздағы «Көне тараз» этномәдени кешенінде өткен Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігі учаскелік полиция инспекторлары мен кәмелетке толмағандар істері жөніндегі иснпекторлардың республикалық слеті өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Еліміздің Туы көтеріліп, Гимнмен басталған жиында Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» фильмінен үзінділер көрсетілді. Осы фильм үзіндісінен соң «Ұлт ұстазы» фильмінде Әлихан Бөкейхановты сомдаған актер Бауыржан Қаптағай мен «Оян, қазақ» фильмінде Міржақып Дулатовты сомдаған Бақыт Қажыбаев ортаға шыға келіп, кешегі Алаш арыстарының арманын айта келіп, бүгінгі Тәуелсіз еліміздің тәртіп сақшыларына ақ баталарын берді. Осы ғажап сәт жиналғандарға патриоттық  рух сыйлады.

Алқалы жиынды еліміздің Ішкі істер министрілігі әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев ашты.

Мұнан соң облыс әкімінің міндетін атқарушы Нұржан Календеров сөз алды.

Сондай-ақ жиында облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров өңірде аса ауыр қылмыс, бұзақылық, адам тонау жағдайлары едәуір азайғанын айтты.

Жиында республикалық «Үздік учаскелік полиция инспекторы» байқауының қорытындысы жарияланды. Тараз қалалық полиция басқармасы №2 полиция бөлімшесінің инспекторы Эльмира Байниязова мен Жамбыл аудандық полиция басқармасының инспекторы Әшіржан Пайызов байқау жеңімпазы атанып, автокөлікке ие болды. Жүлделі екінші орындармен Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласының өкілі Бекназар Әлібеков пен қарағандылық Қайрат Иманбаев марапатталды. Ал, жүлделі үшінші орындар жетісулық Талшын Нұрлади мен керекулік Қуаныш Ербосынұлына бұйырды. Бұл маңызды марапатты Ішкі істер министрілігі әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев, облыс  әкімінің міндетін атқарушы Нұржан Календеров, ішкі істер саласының ардагерлері Жан Кенжетаев, Мейірхан Жаманбаев, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, облыстық полиция департаментінің басшысы Бақытжан Малыбаев тапсырды.

 Жиын соңында «Жігер» атты жаңа әннің тұсауы кесіліп, аталған әнді жамбылдық полиция өкілі Аманжол Рысбеков пен «Алашұлы» тобы орындады. Алқалы жиын «Алашұлы» тобының орындауындағы Ескендір Хасанғалиевтың «Атамекен» патриоттық  әнімен мәресіне жетті.