Жамбыл жаңалықтар

Таразда тәртіп сақшылары қарасора өсірген 2 үйді анықтады

Қазіргі уақытта тәркіленген заттай дәлелдемелер бойынша сот-химиялық сараптама тағайындалды

Жамбыл облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ҰҚК департаментімен бірлесіп, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Тараз қаласында бір мезгілде екі мекенжайда тінту жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Тінту барысында үйлердің бірінің қонақ бөлмесінен арнайы жарықтандыру шамдары мен желдету құрылғыларымен жабдықталған 25 түп қарасора өсірілген құмыралар анықталып, тәркіленді. 

Сондай-ақ, жертөле бөлмесінен полиэтилен пакеттерге салынған, өзіне тән иісі бар өсімдік тектес зат табылды. Бұдан бөлек, ауладағы қоймадан осындай зат салынған 58 зип-пакет тәркіленді.

Екінші үйдің жатын бөлмесінен де жасанды жарықтандыру және желдету жүйелерімен жабдықталған, жабық ғимарат ішінде өсіруге арнайы жағдай жасалған 12 түп қарасора өсірілген құмыралар анықталып, алынды.

- Аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 300-бабы 1-бөлігіне (Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру) сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, - делінген хабарламада. 

Күдікті—66 жастағы ер адамның айтуынша, ол қарасораны жеке тұтыну мақсатында өзі өсіргенін мәлімдеген.

Қазіргі уақытта тәркіленген заттай дәлелдемелер бойынша сот-химиялық сараптама тағайындалды. Қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жалғасуда.