Жамбыл жаңалықтар

Таразда жаңа үлгідегі Неке қию орталығы ашылды

Енді қала тұрғындары некелерін тіркеп, маңызды отбасылық шараларды заманауи әрі жайлы кеңістікте өткізе алады

Тараз қаласында жаңа Неке қию орталығының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Орталық «Ұлы дала» шағын ауданы, 137-үй мекенжайында орналасқан. Салтанатты шараға «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Арман Кенжегалиев пен Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты.

Енді қала тұрғындары некелерін тіркеп, маңызды отбасылық шараларды заманауи әрі жайлы кеңістікте өткізе алады. Мұнда неке қиюмен қатар, сәбидің дүниеге келуіне немесе мерейтойға арналған салтанатты іс-шараларды да ұйымдастыруға болады.

Орталық «Ұлы дала» шағын ауданында орналасқан. Бұл аудан облыстағы халық тығыз қоныстанған тұрғын массивтерінің бірі болып саналады, мұнда шамамен 45 мың адам тұрады. Орталықтың ғимараты облыс әкімдігінің қолдауымен жөнделіп, қазіргі заман талаптарына толық сай келеді.Орталықта кең салтанат залы, қалыңдық пен күйеу жігітке арналған бөлме, фотосессия жүргізуге арналған алаң және фуршет аймағы қарастырылған. Залдың классикалық дизайны мен ойластырылған интерьері жайлылық пен мерекелік көңіл-күй сыйлайды.

Сапар аясында делегация осы ғимаратта орналасқан жаңғыртылған ХҚКО-ның жұмысымен де танысты. Орталық қызметкерлері қонақтарға цифрлық кеңсенің функционалды аймақтарға бөліну ерекшелігін көрсетті. Мұндай құрылым қызмет көрсету секторларына келушілер легін біркелкі бөлуге мүмкіндік беріп, жұмыстың тиімділігін арттырады. Қызмет алушыларға ыңғайлы жағдай жасауға кең зал мен заманауи жабдықтар да септігін тигізеді.