Таразда жаңа облыстық аурухана салынады
Бұл туралы Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді
Жамбыл облысында денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған ауқымды жоба бастау алмақ. 350 төсек-орынға арналған облыстық көпбейінді аурухана құрылысы өңір медицинасының дамуына серпін береді.
Құрылыс алаңы ретінде Тараз қаласындағы Асқаров көшесінің соңынан 12 гектар жер телімі бөлінді. 2026 жылы жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары басталады. Құрылыс кезеңі 2027–2029 жылдарға жоспарланған.
Жаңа аурухана соңғы үлгідегі медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіліп, хирургия, кардиология, нейрохирургия, онкология және басқа да маңызды бағыттарды біріктіретін болады.
Жобаның жүзеге асуы облыс тұрғындарына жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, күрделі операциялар мен диагностиканы облыс аумағында-ақ жүргізуге мүмкіндік береді.
Бұл бастама өңірдегі стационарлық көмектің сапасын жаңа деңгейге көтеріп, пациенттердің өзге қалаларға бару қажеттілігін айтарлықтай азайтады.