Таразда «Жібек» орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті
- авторМағжан Орынбасар
- 23 қыркүйек, 2025
- 422
Бүгін Таразда ата-баба дәстүрін ұлықтаған «Жібек» орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Салтанатты шараға арнайы қатысқан Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Әбілқайыр Тамабек жиналғандарды орталықтың ашылуымен құттықтап, кәсіпкерлік саласында тауар өндіруге ниеттілер үшін қолдау көрсетілетінін айтты.
Сонымен қатар «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» ҚБ филилалының директоры Қасымхан Төлендиев, «Жібек» орталығының жоба авторы, «Жер-Ана» корпорАтивті қорының құрылтайшысы Мария Ибраимова, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов сөз сөйлеп, орталық жұмысына сәттілік тіледі.
Бұдан кейін «Жібек» орталығының қызыл лентасы қиылып, қонақтар қолөнершілердің бұйымдарын тамашалады.

Айта кетейік, осыдан екі жыл бұрын «Жер-Ана» ұжымы жібек өндірісі бойынша инновациялық пилоттық жоба бастаған. Осының негізінде жібек құртын өсіру қолға алынып, ауыл азаматтары жұмыспен қамтылды.
Қазіргі таңда Байзақ ауданында 30 мың тұт талы егіліп, инкубатор да салынған. Нәтижесінде биыл алғашқы 50 келі жібек өнімі алынып, оны «Ауыл Жер-Ана» ЖШС директоры Гүлнар Абдуллаева бастаған қолөнершілер тобы өңдеп, ұлттық стильдегі киім-кешектер тіккен.
«Жер-ана» ауыл фермерлерінің коропоративті қорының төрайымы Роза Мұсабаева алдағы уақытта шаруашылықтың көкжиегін кеңейтіп, мол өнім алуды мақсат етіп отырғанын жеткізді.






