Таразда "Зорлық-зомбылықсыз орта - бақытты бала" тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті
Шара қоғамдағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру және жастар арасында қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.
Д.А. Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында «Заң және тәртіп» қағидасы аясында "Зорлық-зомбылықсыз орта - бақытты бала" атты білім беру бағытындағы кездесу-сұхбат өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Кездесуге «Жастар ресурстық орталығы» КММ директорының орынбасары Медеу Мырзатай мен психолог Шолпан Алибаева қатысып, зорлық-зомбылықтың психологиялық әсері, өзін қорғау жолдары және қажет кезде көмек сұраудың маңызды арналарын түсіндірді.
Жиынға қатысқан жастар мамандармен еркін пікір алмасып, өз сұрақтарын жолдап, тәжірибелік кеңестер алды.
Іс-шара соңында кітапхана қызметкерлері жастарды тақырыпқа қатысты әдебиеттермен таныстырып, қоғамда зорлық-зомбылықсыз орта құру әр азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті.