сейсенбі, 23 желтоқсан, 2025 18:41

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Әулиеата үздіктері марапатталды

Әулиеата үздіктері марапатталды
Юрий Ким
Сонымен қатар талапты жастарға “Тәуелсіздік ұрпақтары” гранты табысталды

«Көне Тараз» тарихи-мәдени кешеніндегі көрме залында облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен «Жұмысшы мамандықтар жылының» жабылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

«Еңбегім – еліме: адал еңбек, айқын мақсат» атауымен өткен форумды өңір басшысы құттықтау сөзбен ашып, атаулы жыл аясында атқарылған ілкімді істерге тоқталды.
     – «Жұмысшы мамандықтар жылы» шеңберінде облысымызда бірқатар жұмыстар атқарылды.  Мәселен, жергілікті бюджеттен 223 миллион теңге қаржы бөлініп, 6 салалық кешенін ашу жұмыстары жүргізілді.  Сонымен қатар, жұмыс берушілер есебінен  4 колледжге 46 миллион теңгеге құрал-жабдықтар алынды. Осы атаулы жыл аясында өңірде 4 халықаралық, 2 республикалық, 11 облыстық жұмысшы мамандығына бағытталған түрлі іс-шаралар өтті. Өңірдегі колледждер, жоғары оқу орындар мен кәсіпорындар арасында 116 ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Нәтижесінде, түлектердің жұмыспен қамтылу мүмкіндіктері артты, мамандықтар бойынша оқу бағдарламалары жаңартылды. Сонымен қатар, «Жұмысшы мамандықтар жылын» өткізу барысында өңір жастарының орны ерекше екендігін атап өткім келеді. Жұмысшы мамандықтар жылы аяқталғанымен, еңбекке деген құрмет, кәсіби даму мен жастарды қолдау саясаты алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады. Осы ретте, біз сіздердің білікті маман, отаншыл азамат болып қалыптасуларыңыз үшін барлық мүмкіндікті жасаймыз.  Сіздерге айқын табандылық пен жарқын болашақ тілеймін! Еңбектеріңіз әрдайым бағаланып, ел дамуына қосқан үлестеріңіз еселене берсін!, – деген Ербол Шырақпайұлы үздік ұйымдар мен ел болашағы саналатын белсенді жастарды марапаттады.
Атап айтқанда, «Инновация мен технологиядағы үздік серіктестік» номинациясы бойынша «Smart Light Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Аян Мырза және «Үздік стратегиялық серіктестік» аталымында Тараз қаласындағы «Казфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Минералды тыңайтқыштар зауытының» директоры Қайрат Болатов үздік деп танылды. Ал «Үздік әлеуметтік серіктестік» марапаты «MoozTau» ЖШС директоры Қуандық Өтеғұловқа, «Студенттерді қолдаудағы үздік серіктестік» номинациясы «Мерагро» холдинг жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Нұркелді Абжапаровқа берілді.
Мұнан соң «WorldSkills» чемпионатының «Алтын медаль» иегерлеріне құрмет көрсетілді. Аталған сайыста «Мобильді қосымшаларды әзірлеу» құзіреттілігі бойынша жеңімпаз атанған Жамбыл инновациялық жоғары колледжінің студенті Асыл Батырхан мен «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» бағыты бойынша ойы озық жастардан оза шапқан Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің студенті Ақжан Тоқтыбай облыс әкімінің марапатына ие болды. 
– Колледжде IT, нақтырақ айтқанда бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу, бағдарламалаушы бағытында білім аламын. «WorldSkills»  байқауына мобильді қосымшаларды әзірлеу құзыреттілігі бойынша қатыстым. Сайыста қатысушылар мобильді телефондарға арналған қосымшалар жасау қажет болды. Айта кету керек, қандай тапсырма келерін алдын ала білген жоқпыз, сол жерде орындап, нәтижесіне қарай марапат алдық. Еліміздің әр өңірінен келген қанша жастың арасынан І орын алғанда ерекше толқыдым. Бүгін де аймақ басшысының қолынан марапат алып, қуанышым еселеніп жатқаны жаныма өзгеше әсер мен мотивация сыйлады, – дейді Асыл Батырхан қуанышымен бөлісіп.
Марапаттау кешінде әріптестеріміз де олжалы қайтты. «Әулиеата үздігі» облыс әкімінің жастар сыйақысы аясында «Үздік жас ақын» номинациясы бойынша «Jambyl-Taraz» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Жұматай Көксубай, «Үздік жас журналист» аталымында «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «Aq jol» газетінің аға тілшісі Есен Өтеулиев үздік деп танылды. Сонымен қатар «Үздік жас педагог», «Үздік жас спортшы» және өзге де аталымдар бойынша әр салада дара шыққан жастар өңір басшысының қолынан лайықты марапаттарын алды. Ерекше атап өтерлік жайт «Үздік жас құтқарушы» номинациясы бойынша дара шыққан сақшы азамат Бейбіт Ақылбай биыл жазда қызыл жалын шарпыған өрт ортасынан қарт кейуананы аман алып шығып, көзсіз ерлік көрсеткен болатын.
 – Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы, 1-ші полиция батальонінің  аға сержанты лауазымында қызмет атқарамын. Біздің саладағы әр қызметкер марапат үшін емес халық қауіпсіздігі үшін тер төгіп жүрген жандар. Дегенмен еңбегімді елеп, құрметке бөлеп жатқанына қуаныштымын. Мұндай сәттер мені жігерлендіре түседі. Алдағы уақытта да облыс тұрғындарының бейбіт өмірін сақтау жолында барымды сала беремін, – дейді Бейбіт Базарқұлұлы.
Салтанатты жиында «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегерлері де марапатталды. Аталған грантқа ие болған дарынды жастар ғылым, мәдениет, медиа, бизнес, жасанды интеллект, әлеуметтік жобалар мен жастар бастамаларын қолдау бағыттары бойынша іріктеліп, енді көрсетілген қаржылай қолдау арқылы өз жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік алды.
Форум барысында тау-кен өндірісі саласында кәсіби біліктілігімен, еңбекқорлығымен және жауапкершілігімен танылып жүрген «Қазфосфат» ЖШС-нің «Қаратау» кен-байыту кешенінің техник-технолог маманы Әлібек Сатқанбаев құттықтау сөз сөйлеп, еңбек адамдарының мерейін өсіруге бағытталған бастамалардың маңызы зор болғанын атап өтті.
Сондай-ақ жұмысшы мамандығын саналы түрде таңдаған, болашақта өз саласының үздігі болуды армандайтын белсенді жас Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің «Өндірісті автоматтандыру жүйесі» мамандығы бойынша білім алып жүрген 3-курс студенті Айбек Коммунарбек жастар атынан сөз сөйледі.
Мазмұнды да мағыналы жиын Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар