Жамбыл жаңалықтар

Жаңа жол ауылында спорт кешені бой көтеруде

Бұл – ауыл тұрғындары, әсіресе жастар үшін маңызды әлеуметтік жоба болып табылады. Жоба ауылда бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және бос уақытты тиімді өткізуге үлкен мүмкіндік береді.

Шу ауданының Жаңа жол ауылында заманауи спорт кешенінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Спорт кешенінің құрылысы 2025 жылдың мамыр айында басталған. Қазіргі таңда құрылыс алаңында іргетас құю жұмыстары толық аяқталып, қабырға қалауы 60 пайызға орындалған. Сонымен қатар, нысанға электр желілері тартылып, орталық су жүйесіне қосу жұмыстары жүргізілді. Жалпы құрылыс жұмыстарының орындалуы 10 пайыз деңгейінде.

Жобаның жалпы құны — 401,7 миллион теңге. Құрылыс жұмыстары “КОМПАНИЯ СЫРЫМ БЛЕКЕ” ЖШС мердігер мекемесінің орындауымен атқарылуда. 2025 жылдың 14 наурызында жасалған №4 келісімшарт негізінде құрылыс қолға алынған.

Техникалық қадағалауды “ОрдаСиндикат LTD” ЖШС жүзеге асырып отыр. Бұл мекеме 2025 жылдың 31 наурызында 9,1 млн теңгеге келісімшартқа отырған. Ал жобаның авторлық қадағалаушысы ретінде “АзияТурПроект” ЖШС жұмыс жүргізуде (келісімшарт 2025 жылдың 16 сәуірінде, құны — 1,56 млн теңге).

Биылғы жылы жобаға 96,9 миллион теңге көлемінде қаражат бөлініп, бүгінгі күнге дейін 39 миллион теңгеден астамы игерілді.

Айта кету керек, спорт кешені 2025–2026 жылдарға өтпелі жоба ретінде жоспарланған. Құрылыстың толық аяқталуы келесі жылға жоспарланып отыр.

Аталған нысан пайдалануға берілген соң, Жаңа жол ауылының жастары мен тұрғындарына тұрақты түрде спортпен шұғылдануға мүмкіндік туып, өңірдегі әлеуметтік жағдай мен өмір сапасы едәуір жақсара түспек. Сонымен қатар, бұл жоба ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың бір дәлелі деуге болады.