Жамбыл облысында 88 мыңнан астам оқушы спорт секцияларына қатысады
Іс-шара барысында спикер орталықтың биыл атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарлары жөнінде баяндама жасап, өңірдегі оқушылардың спортқа тартылу деңгейіне тоқталды.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыс әкімдігі білім басқармасына қарасты ғылыми-тәжірибелік денешынықтыру орталығының басшысы Ардақ Құлжановтың қатысуымен брифинг өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ардақ Құлжановтың айтуынша, бүгінде Жамбыл облысындағы 447 жалпы білім беретін мектепте 226 668 оқушы білім алуда. Оның ішінде 88 282 оқушы түрлі спорттық секцияларға қатысады. Бұл секциялар футбол, волейбол, баскетбол, гандбол, шахмат, үстел теннисі, жеңіл атлетика, таеквандо, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату және басқа да спорт түрлерін қамтиды.
Білім басқармасына қарасты орталық мектеп оқушылары арасында спортты насихаттау және салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Мәселен, биылғы жылдың сәуір-мамыр айларында өткен «Ұлттық мектеп лигасының» облыстық кезеңі аясында спорттың 10 түрінен 5–11-сынып оқушылары арасында 48 жарыс ұйымдастырылып, 193 мыңнан астам оқушы қамтылған.