Жамбыл облысында баламалы энергия көзі: «Шоқпар» жел электр станциясы тәулігіне 1 млн кВт·сағ таза энергия өндіруде
Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры барысында айтылды.
Жамбыл облысында қуаты 100 МВт «Шоқпар Жел Электрстанциясы» жобасы іске қосылып, өңірдің энергия тапшылығын азайтуға елеулі үлес қосуда, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жобаның меншік иесі – Visor International DMCC және China Power International Holding Limited (CPIH) құрылтайшылары болып табылатын «Шоқпар Жел Электрстанциясы» ЖШС. 2023 жылы іске қосылған станцияның жылдық өндіріс көлемі 350 млн кВт·сағ электр энергиясын құрайды. Инвестиция көлемі шамамен 150 млн АҚШ долларын құрайды.
Қазіргі уақытта нысан тәулігіне шамамен 1 млн кВт·сағ таза электр энергиясын өндіруде. Станцияда 20 қызметкер жұмыс істейді, оның ішінде 18-і – Қазақстан азаматтары, 2-і – Қытай азаматтары.
Жел электр станциясы жыл сайынғы өндіріс көлемімен Қазақстанның оңтүстігіндегі электр энергиясы тапшылығын тікелей өтеп, өңірдегі 200 мыңнан астам үй шаруашылығының қажеттілігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, көмірмен жұмыс істейтін станциялармен салыстырғанда жыл сайын 109,5 мың тонна стандартты көмірді үнемдеп, күкірт диоксиді шығарындыларын 1031 тоннаға, азот оксидтерін 934 тоннаға, көмірқышқыл газының шығарындыларын 289 мың тоннаға, түтін шығарындыларын 322 тоннаға және шлак қалдықтарын 32 900 тоннаға азайтады.