Жамбылда Amanat партиясының жол картасы талқыланды: есепті кезеңде 103 көрсеткіштің 11-і ғана толық орындалған
Жиын партия облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов ашып, жүргізіп отырды.
Amanat партиясының Жамбыл облыстық мәслихатындағы депутаттық фракциясының кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Фракция отырысына арнайы келген Парламент Мәжілісінің депутаттары Мұқаш Ескендіров пен Гүлдара Нұрым, сондай ақ облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев, басқарма басшылары мен бейнебайланыс арқылы қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Amanat партиясының сайлауалды бағдарламасы сайлау науқанында халықтан түскен аманаттар мен ұсыныс-тілектер негізінде жасалып, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған. Партияның осы облыс бойынша 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол Картасында жалпы 103 көрсеткіш бар.
Айта кетсек, 2024 жылдың қорытындысымен өңірлік Жол Картада жобалық-сметалық құжаттаманың созылуына, бюджеттен қаржыландырылмауына және құрылыс жұмыстарының кеш басталуына байланысты 6 тармақ орындалмай қалған. Ал кеше өткен партия депутаттары фракциясының отырысында сайлауалды бағдарламаның Жол Картасындағы биылғы көрсеткіштердің 6 айда орындалу барысы туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеровтің есепті баяндамасы тыңдалды.
Баяндамашы облыс әкімдігі Amanat партиясының «Халықпен бірге!» атты сайлауалды бағдарламасының Жол Картасын іске асыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізіп жатқанына тоқталды. Жол Картасында жалпы 5 бағыт бойынша 18 міндет және 103 көрсеткішке қол жеткізу, оның ішінде биыл 78 көрсеткіштің орындалуы қарастырылған. Есепті кезеңде олардың 11-і орындалса, 5-і ішінара орындалған, 46-сы орындалу үстінде.
Бұдан кейін Нұржан Сәбитұлы таза ауыз сумен қамтамасыз ету міндеті аясында 15,4 миллиард теңгеге 36 ауылдық елді мекен мен 9 тұрғын алқапты ауыз сумен қамту жоспарланып отырғанын, нәтижесінде елді мекендердің сапалы ауыз сумен қамтылуы 100 пайызды құрайтынын, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аудандар мен Тараз қаласында 11 көше жарықтандырылатынын және Қордай, Талас, Сарысу аудандарында өрт сөндіру бекеттерін құру қолға алынатынын айтты. Сапалы білім алу үшін оқудың қолайлы жағдайын жасау және білім беру сапасын арттыру мақсатында биыл 5,9 мың орындық 26 білім нысанының құрылысына 28,8 миллиард теңге, 14 нысанды күрделі жөндеуге 9,5 миллиард теңге бөлінген. Бүгінде 2350 орындық 4 мектеп пайдалануға берілді.
Нәтижесінде, 1 апатты, 1 үш ауысымды, 7 орын тапшылығы бар, 6 тозығы жеткен мектеп мәселесі шешіледі. Денсаулық сақтау қызметінің қолжетімділігін арттыру міндеті аясында биыл 1,4 миллиард теңгеге 5 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізіліп, 1,5 миллиард теңгеге 5 нысан күрделі жөндеуден өтеді.
Бұған дейін 45 келушіге арналған 1 дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілген. Нәтижесінде, денсаулық сақтау ұйымдарының тозу деңгейі 42,3 пайызға дейін төмендеп, медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілуі 92,9 пайызға жетпек. Мәдениет саласында 16 нысанның құрылысы жүруде. Ал спорт саласында 18 нысанның құрылысы және 1 нысанға күрделі жөндеу жүргізіледі. Баяндамада сондай-ақ әлеуметтік санаттағы азаматтар мен жастарды қолдау бойынша 12 көрсеткіштің 2-і орындалып, 8-і орындалу үстінде екені айтылды.
Мәселен, Жуалы ауданында Отбасын қолдау орталығы қызмет көрсетуде және осындай орталықты Мойынқұмда ашу жұмыстары жүргізілуде. Биыл 92 әлеуметтік инфрақұрылым нысанын бейімдеуге 95,8 миллион теңге бөлініп, 84 нысанда бейімдеу жұмыстары толығымен аяқталған. Фракция отырысында облыстық мәслихаттың депутаттары Ерұлан Мағзымбеков, Андрей Савченко, Айдар Жузанов және Эльмира Қойлыбаеваның есептері тыңдалды.