жұма, 5 желтоқсан, 2025 13:51

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбылда кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысы өтті

Жамбылда кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысы өтті
Фото - ашық дереккөз
Жиында бірқатар мәселе қаралды

«Amanat» партиясы жамбыл облыстық филиалы жанындағы кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысы өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың биылғы Жолдауында кәсіпкерлікті дамыту, әсіресе ауылдық жерлердегі шағын және орта бизнесті қолдау мәселесі ерекше орын алды. Мемлекет басшысы жеңілдетілген несие бағдарламаларын кеңейту, жастар кәсіпкерлігін ынталандыру, инвестицияларды тарту және цифрлық платформалар арқылы бизнесті жүргізуді жеңілдету қажеттігін атап өтті.  Бұл бойынша Жамбыл облысында ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Соның бірі, кәсіпкерліктің орнықты дамуына жәрдемдесу, қолайлы бизнес-ортаны қалыптастыру және әкімшілік кедергілерді барынша азайту, экономиканың инвестициялық тартымдылығын арттыру, отандық кәсіпкерлерді қолдау және олардың заңды мүдделерін қорғауды мақсат еткен «Amanat» партиясы жамбыл облыстық филиалы жанындағы кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің құрылуы.

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарушы басшысы Қанат Әубәкіров, «Zhambyl Invest» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басқарма төрағасының міндетін атқарушы Нұрбол Қайранов, сонымен қатар аудан әкімінің орынбасарлары мен партияның аудандық филиалдарының төрағалары қатысты.

Жиында қаралған бірінші мәселе өңірдегі бизнес өкілдерінің өзекті мәселелерін талқылау және шешу жолдары болды. Бұл бойынша облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев баяндама жасады.

- Ағымдағы жылдың 1-ші қарашасына жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны 109 069 бірлікті құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 102,0% артты.   ШОБ-та жұмыспен қамтылған адамдар саны 2025 жылдың 2-ші тоқсанына 165 353 адамды құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 102,0% артты. ШОБ субьектілерінің дамуының арқасында 2025 жылдың 2-ші тоқсанына шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тарапынан 765,5 млрд. теңгенің өнімі (жұмыс, қызмет) өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 128,4% өскен. 2025 жылдың 2-ші тоқсанына шағын және орта бизнес үлесі 22,5% ал жалпы қосылған құн көлемі 348 181,0 млн теңге құрады. Шағын және орта кәсіпкерлікте барлық көрсеткіштер орындалды.  Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламаларға қаражат бөлінбеуінен кәсіпкерлердің несие алу белсенділігі төмендеді. 2025 жылдың басынан облыста орналасқан қаржы институттарымен несие сомасы 289,8 млрд.теңгені құрайтын барлығы 32 502 кәсіпкерге несие берілді.  Берілген несиелердің 52,1 млрд.теңгені құрайтын 1218 жобасы мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жүзеге асырылды. Өткен жылдың тиісті кезеңінде 39,8 мың кәсіпкерге несие берілді бұл көрсеткіш 18,3% төмендеді. Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 2127 кәсіпкерге несие берілді бұл көрсеткіш 42,8% төмендеді, - деді Аспандияр Сейсебаев.

Бұдан кейін «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарушы басшысы Қанат Әубәкіров сөз алып, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша атқарылған жұмыстар мен нәтижелерді атап өтті.

- 2019-2024 жылдары аралығында «Ауыл Аманаты» жобасы аясында республикалық бюджеттен жалпы 38,4 млрд теңге көлемінде қаражат бөлініп, 8 027 жоба қаржыландырылды. Сонымен қатар, осы жылдар аралығында жергілікті бюджеттен ауылшаруашылығы өндірістік кооперативтерін техникамен қамтамасыз ету мақсатында 2,4 млрд теңге бөлініп, толығымен игерілді. Жобаның 5-бағытына басымдық беріліп, қайтарылған қаражат есебінен қаржыландыру мақсатында 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап бүгінгі күнге дейін 4,6 млрд теңгеге 636 жоба қаржыландырылды. Ауыл шаруашылығы және осы саладан тыс бағыттағы шағын кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 50-ден астам үлгілік жобалар тізбесі жасақталып, ауыл тұрғындарына ұсынылды.  Сондай-ақ бүгінгі күнге: ТЖО, кірпіш өндіру, тігін цехы, жылыжай, жихаз цехі, өз-өзіне қызмет көрсететін көлік жуу сияқты және т.б. жобалар «Тараз» ӘКК АҚ-ы арқылы несиелендірілді, - деді «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарушы басшысы.

Сондай-ақ «Zhambyl Invest» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басқарма төрағасының міндетін атқарушы Нұрбол Қайранов өңірлік ұйымның қызметі жөнінде хабардар етті.

- Жыл басынан бері Zhambyl Invest 400-ден астам кездесу мен кеңес өткізіп, инвесторлармен өзара ынтымақтастық туралы 33 меморандум мен келісім жасасты. Zhambyl Invest отандық өндірушілердің экспорттық әлеуетін дамыту бағытында белсенді жұмыс жүргізіп, олардың өнімін шетел нарықтарына шығару үшін жағдай жасауда. Бүгінгі таңда 8 экспорттық келісімге қол жеткізілді. Біз бес басым бағыт бойынша жұмыс жүргіземіз: Түрік Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Еуропалық Одақ елдері, Парсы шығанағы елдері және Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерімен ынтымақтастық. Сонымен қатар Zhambyl Invest облыс басшылығы мен кәсіпкерлерден құралған делегациялардың шетелге сапарларын ұйымдастырады. Жамбыл облысын Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесі, Орталық Азия инвестициялық форумы және басқа да ірі халықаралық бизнес алаңдарында таныстырып, белсенді жұмыс атқаруда. Ағымдағы жылы осындай 17 сапар ұйымдастырылды. Жоғарыда аталған қадамдардың нәтижесінде, қазіргі таңда Zhambyl Invest жалпы құны 3,4 трлн теңгені құрайтын, түрлі салаларда іске асырылуы жоспарланған және әртүрлі сатыда пысықталып жатқан

30 жобаны сүйемелдеуде, - деді ол.

Мұнан кейін жиынға қатысқан депутаттар спикерлерге кәсіпкерлікті дамытуға қатысты сұрақ-сауалдарын жолдап, ашық пікір алмасты.

Жиынды қорытындылаған кеңестің тең төрағасы Әбілқайыр Тамабек үйлестіру кеңесінің рөліне кеңінен тоқталып, өзекті мәселелерді шешуге ықпал ететініне сенім білдірді.

- «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің күн тәртібіне қойылған мәселе толығымен қаралды. Үйлестіру кеңесінің отырыстары кемінде тоқсанына бір өтетін болады. Келесі отырыстарды жоспарға сәйкес нақты бір кәсіпкерлік саласының мәселелерін талқылайтын боламыз. Бүгін айтылған пікірлер мен бастамалар – өңіріміздегі кәсіпкерлікті дамытуға, шағын және орта бизнестің әлеуетін арттыра түсуге үлкен серпін беретіні анық. Біз үшін басты мақсат – кәсіпкерлерге ыңғайлы жағдай жасау, қолдауды күшейту, жаңа жұмыс орындарын ашу және өңір экономикасын одан әрі тұрақты дамыту, - деді Әбілқайыр Тамабек.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар