Жамбыл жаңалықтар

Жамбылда коалиция жұмысына үлес қосқан азаматтар марапатталды

Іс-шара барысында Дауыл Бейсенқұлов олардың белсенділігін жоғары бағалап, 15 наурыз ел рухын көтерген ерекше күн болғанын атап өтті.

«Достық» үйінде өңірлік «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының жұмысына елеулі үлес қосқан белсенді азаматтар марапатталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен «AMANAT» партиясының төрағасы, Коалиция жетекшісі Ерлан Қошановтың алғыс хаттарын «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов табыстады,  деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Салтанатты жиында өңірлік жалпыұлттық коалиция мүшелері, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, сондай-ақ белсенді жастар марапатталды. Олар алғашқы күндерден бастап коалиция қызметінің алдыңғы шебінен көрініп, республикалық референдумға дайындық пен оны өткізу кезеңіндегі ауқымды үгіт-насихат және түсіндіру жұмыстарының негізгі қозғаушы күшіне айналды.

Іс-шара барысында Дауыл Бейсенқұлов олардың белсенділігін жоғары бағалап, 15 наурыз ел рухын көтерген ерекше күн болғанын атап өтті. Оның айтуынша, Әділетті, Қуатты әрі Прогрессивті мемлекет құру жолында маңызды қадам жасалды. Сонымен қатар қолға алынған өзгерістердің игілігін ең алдымен өңір тұрғындары сезінетінін жеткізді.

Ол сондай-ақ жастардың еңбегіне ерекше тоқталып, олардың ел дамуының басты қозғаушы күші екенін айтты. Білімді, жігерлі, отаншыл жастар барда еліміздің нық қадаммен алға жылжитынына сенім білдіріп, оларға сәттілік тіледі. Жастардың елмен бірге жаңа Конституция аясында дами беретініне сенімін жеткізді.

 Өз кезегінде белсенді жастар жаңа Конституция білім, ғылым, цифрлық технологиялар, мәдениет және қоғамдық өмір салаларында жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті. Олардың пікірінше, адам капиталының басымдығын Ата Заң деңгейінде бекіту – аса маңызды қадам. Бұл өз қабілетін дамытуға, ғылыми зерттеулерді ілгерілетуге және инновацияларды енгізуге нақты жағдай жасайды.

Сондай-ақ алғыс хаттар «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенді мүшелеріне, «AMANAT» партиясының өкілдеріне, бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлеріне және жалпыұлттық коалиция белсенділеріне табысталды.