жұма, 27 ақпан, 2026 3:18

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбылда МӘМС аясында көрсетілетін офтальмологиялық көмектің мүмкіндіктері таныстырылды

Жамбылда МӘМС аясында көрсетілетін офтальмологиялық көмектің мүмкіндіктері таныстырылды
Фото - ашық дереккөз
Жамбыл облысы бойынша «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» филиалының ұйымдастыруымен Жамбыл облыстық офтальмологиялық орталығында БАҚ өкілдеріне пресс-тур өтті.

Журналистер орталықтың заманауи диагностикалық жабдықтарымен, хирургиялық және лазерлік операциялар жүргізілетін бөлімдерімен танысты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 
Орталықта МӘМС аясында торлы қабықшаның лазерлік коагуляциясы, катаракта мен глаукоманы хирургиялық жолмен емдеу қарастырылған.

«2025 жылдан бастап орталықта витреоретиналдық хирургия енгізілді — бұл көздің ең терең құрылымдарына жасалатын аса күрделі операциялар. Бұрын өңір пациенттері үшін қолжетімсіз болған бұл қызмет енді Жамбыл облысынан шықпай-ақ көру қабілетін сақтауға мүмкіндік береді», — деді облыстық офтальмологиялық орталығының бас дәрігерінің орынбасары Жансая Сыдықова.

Жансая Әділханқызының айтуынша, торлы қабықшаның сылынуы, қант диабетінің салдарынан көздің шыны тәрізді денесіне қан құйылулар, жарақаттан болған көзбұршағының торлы қабықшаға люксациясы, көздің барлық қабықшаларының қабынуы, мкулярлық жыртылу диагноздары бар пациенттер үшін жаңа мүмкіндіктер ашылды.

2025 жылдың наурыз айынан бастап МӘМС аясында 100-ден астам витреоретиналдық операция сәтті жүргізілді. Орталықтың шұғыл қызметі облыс бойынша тәулік бойы, аптасына 7 күн, 24 сағат үздіксіз жұмыс істейді. Бұл көз жарақаттары мен жедел аурулар кезінде тұрғындарға кез келген уақытта көмек алуға мүмкіндік береді.

Жамбыл облыстық офтальмологиялық орталықта жыл сайын көрсетілетін қызметтердің көлемі де артып келеді:
    Қабылдау бөлімі арқылы МӘМС және ТМККК аясында 1500-ден астам пациент ауруханаға жатқызылады;
    Травматологиялық пунктте 15 мыңнан астам пациент қабылданады;
    Консультативтік-диагностикалық бөлімде 16 мыңнан астам адам тексеруден өтеді;
    Күндізгі стационарда 2000-нан астам операция жасалады;
    Тәулік бойғы стационарда 1500-ден астам хирургиялық араласу орындалады.

Пресс-турдың басты мақсаты — халықты МӘМС жүйесі арқылы медициналық көмек алу мүмкіндіктері туралы хабардар ету және өңір офтальмологиясының даму деңгейін көрсету.

Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар