Жамбылда Отан қорғаушылар күніне орай салтанатты жиын өтті
- авторБақытжан Бекболат
- 6 мамыр, 2026
- 45
Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Іс-шараға құқық қорғау органдары мен күштік құрылымдардың өкілдері, сондай-ақ өңір тұрғындары қатысты.
Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров көпшілікті Отан қорғаушы күні және Жеңіс күнімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

– Бұл екі айтулы мереке – ерлік пен елдіктің, батырлық пен отансүйгіштіктің жарқын символы. Отан қорғаушы күнінің Ұлы Жеңіс мерекесінің қарсаңында аталып өтуінің тарихи да, тәрбиелік те мәні айрықша. Біз батыр бабаларымыздың ерлігін әрдайым мақтан тұтамыз. Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне және ел тыныштығы жолында аянбай еңбек еткен аға буынға ерекше құрметпен бас иеміз. Олардың ерлігі – кейінгі ұрпаққа үлгі, елге аманат.
Бейбіт өмір – ел тыныштығының, халық амандығының және жарқын болашақтың берік кепілі. Тыныш елде ғылым дамып, білім өркендейді, жастар еркін өсіп, сенімді қадам жасайды. Сондықтан әрқайсымыз бейбітшіліктің қадірін терең түсініп, оны сақтауға өз үлесімізді қосуымыз қажет.
Жаңа Ата Заңымызда мемлекеттің тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын және ұлттық қауіпсіздігін қорғау – мемлекет пен әрбір азаматтың басты міндеті екені айқын көрсетілген.
Мемлекет басшысы, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Конституция талаптарына сай әскер дамуының бағыт-бағдарын айқындап, Қарулы Күштердің қорғаныс әлеуетін күшейтуге арналған стратегиялық міндеттерді нақтылады.
Әскери қызмет – әрбір қазақстандық үшін зор мәртебе ғана емес, батыр бабалардың ерлік жолын жалғастыратын қасиетті парыз. Сондықтан сарбаздардың кәсіби даярлығына ерекше көңіл бөлініп отыр. Халқымыздың амандығын қалтқысыз қорғап жүрген ерлеріміз әрдайым құрметке лайық.
Елімізде әрдайым бейбітшілік пен тыныштық орнасын! Аспанымыз ашық, күніміз шуақты болғай! – деді ол.


Мерекелік жиын барысында қызметтік міндеттерін үлгілі атқарып, ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек еткен бірқатар азаматқа «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаты салтанатты түрде табысталды.

Салтанатты кеш Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония әртістері мен «Оңтүстік» өңірлік әскерлері өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты. Әсем ән мен күмбірлеген күй, патриоттық рухтағы қойылымдар көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Әсіресе Отан, ерлік, батырлық тақырыбындағы шығармалар кештің мазмұнын аша түсті.

Кеш соңында көрермендер ұзақ уақыт қол соғып, өнерпаздарға ризашылықтарын білдірді.

Бұл – тек мерекелік іс-шара ғана емес, елдік рухты көтеретін, өткенге тағзым жасап, болашаққа сенім ұялататын маңызды басқосу болды. Мұндай тағылымды жиындар ұлт жадын жаңғыртып, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуде айрықша рөл атқарады. Ерлік – елге мұра, ұрпаққа аманат. Ал сол аманатты сақтау – әрбір азаматтың қасиетті борышы.





