Жамбылда жазғы лагерьлерде буллинг пен зиянды әдеттердің алдын алу шаралары өтуде
Жамбыл облысында полицейлер лагерьлерде профилактикалық іс-шаралар өткізуде
Жазғы демалыс кезеңінде өскелең ұрпақтың қауіпсіздігі мен құқықтық сауаттылығына ерекше назар аударылып отыр. Жамбыл облысында полиция қызметкерлері қала сыртындағы және мектеп жанындағы лагерьлерде балалармен профилактикалық дәрістер өткізуде, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Іс-шаралардың басты мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау және жеке қауіпсіздік ережелерін үйрету.
Полицейлер балаларға қоғамдық орындарда және су айдындарында өзін-өзі ұстау ережелерін түсіндіріп, буллингтің, темекі мен алкоголь сияқты зиянды әдеттердің алдын алу тақырыптарына баса назар аударуда. Сонымен қатар, ұжым ішіндегі қарым-қатынас, заңның рөлі және жеке жауапкершілік туралы интерактивті форматта пікір алмасу ұйымдастырылуда.
Мамандардың айтуынша, мұндай кездесулер құқықбұзушылықтың алдын алып қана қоймай, балалар мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара сенімді нығайтуға да ықпал етеді.