Жамбылда жол апаттарының алдын алуға арналған ерекше акция өтті
Акцияның басты мақсаты — азаматтардың назарын жол қауіпсіздігіне аудару, сондай-ақ жылдамдықты асыру, салғырттық немесе қарапайым жол ережелерін сақтамау қандай жағдайларға әкелетінін көрнекі түрде көрсету.
Жамбыл облысында полиция ерекше акция ұйымдастырды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz Polisia.kz. сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлері қаланың орталық көшелеріне жол-көлік оқиғаларынан қираған автокөліктер мен мопедтерді қойды. Мыжылған темір мен сынған әйнектер жол қозғалысы ережелерін елемеудің салдарын айқын көрсетті.
Іс-шараға жас жол инспекторларының қатысуы ерекше әсер сыйлады. Оқушылар полиция қызметкерлеріне жол қозғалысы ережелерін түсіндіруге көмектесіп қана қоймай, жүргізушілерді сақ болуға шақырды.
Мұндай акциялар әдеттегі ескертулер мен айыппұлдарға қарағанда әлдеқайда әсерлі. Жол апатының салдарын көзбен көру адамдарды ойландырып, өз әрекеттерін қайта қарауға итермелейді.