Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу шаралары
Әрбір үйдің жеткіншегіне қауіпсіз өмір қамтамасыз ету облыстық полиция департаменті үшін маңызды мәселе.
Осы мақсатта мамандар мекемелермен әрі қоғамдық ұйымдармен бірлескен түрлі жобаны жүзеге асырып келеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Облыста кәмелетке толмағандармен байланысты қылмыстың алдын алуға бағытталған кешенді шаралар нәтижесінде оң динамика байқалып жатқан көрінеді. Былтыр жасөспірімдер қатысқан қылмыс саны 72 болса, осы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша 65-ке жетіп отыр, Бұл жеткеншектер қылмысының 9,7 пайызға төмендегенін білдіреді.
Облыс аумағында жыл басынан бері кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар мен мектеп инспекторлары осы мәселеге мұқият көңіл бөліп келеді. Соның нәтижесінде 2 424 рейдтік іс-шара өткізілген. Нәтижесінде, 12 285 ата-ана мен ересек тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал 279 жайсыз отбасы, 415 жасөспірім профилактикалық есепке алынды. Балалардың құқықтық сауатын арттыру мақсатында 7 221 лекция, 814 ата-аналар жиналысы, 218 дөңгелек үстел ұйымдастырылған.
Инспекторлар кәмелетке толмағандармен жұмыс бағытын күшейтіп, тәуекел топтағы балаларды анықтап, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін барын салды. Әрбір отбасымен құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жүйелі жұмыс жүргізді. Осы бастама бойынша мектептерде түрлі құқықтық сабақтар өтіп тұрады.
- Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында өтетін ашық сұхбат алаңында жеткіншектер көкейде жүрген сұрақтарын қоюға мүмкіндік алады. Ата-аналармен өткізілетін жеке профилактикалық әңгіме барысында ата-аналарға балалардың мінез-құлқындағы өзгерістерге дер кезінде мән берудің маңызын түсіндіреді. Әсіресе интернет қауіпсіздігі, түнгі уақытта көшеде жүру, күмәнді орталарға барудың қауіп төндіруі мүмкін екендігі жөнінде ескертулер жасалады. Түнгі рейдтер мен бақылау шаралары да тұрақты жүргізіліп, заңмен белгіленген уақыттан кейін көшеде жүрген жасөспірімдер ескерту алады, - дейді мамандар.
Мектеп инспекторлары оқу ордаларындағы ахуалды бақылап, қажет жағдайда жедел әрекет етеді. Кәмелетке толмағандар комиссиясымен жүргізілетін жұмыс та үнемі жаңартылып, жаңа әдістер енгізіліп отырады. Тұрғындармен бірлескен іс-шаралар жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған. Аула клубтары, спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерге тарту жұмыстары да күшейтілген. Мамандардың айтуынша, дұрыс бағыт берілген бала теріс әрекеттерден алшақ болады.
Жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу жұмысы ұдайы назарда болуы тиіс. Бұл бағыттағы кешенді шаралар тек полицияның емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ата-ананың, мектептің және құқық қорғау органдарының әрекетіне байланысты. Жасөспірімдерді дұрыс ортаға бағыттау олардың болашағына тікелей әсер етеді. Қоғамның әр мүшесі балалардың қауіпсіз ортасында өсуіне үлес қосуы қажет. Ал бірлескен жұмыс күшейген сайын құқық бұзушылық деңгейі де төмендей түседі. Жасөспірімдерге уақытында назар аудару олардың дұрыс өмірлік жол таңдауына кепіл болады.