Жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауына не себеп
Өкінішке қарай, өңірде ағымдағы жылы кәмелетке толмағандар арасында өз-өзіне қол жұмсау фактілері жиілеп кетті. Дүйім жұртты алаңдатқан бұл жайт жергілікті атқарушы органның күн тәртібіндегі басты мәселесіне айналды десек қателеспейміз.
Осыған байланысты Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық пен суицидтің алдын алу мәселесін талқылау мақсатында сала мамандарымен бірқатар кеңес өткізді.
Маңызды жиынға қатысқан облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Жанаевтың айтуынша, 2025 жылдың 9 айында кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,3 пайызға азайған.
Құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында өңірде 2 246 рейдтік іс-шара ұйымдастырылып, 8 414 жасөспірім түрлі құқық бұзушылық үшін полиция бөлімдеріне жеткізілген. Бала тәрбиесіне салғырт қараған 175 қолайсыз отбасы және құқық бұзған 472 жасөспірім полицияның есебіне алынған.
Ал білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбековтің айтуынша, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Тараз қаласы мен аудандарда 48 жұмыс тобы құрылып, 445 білім беру ұйымында түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде 60 896 оқушы мен 6 969 студент сауалнамаға қатысқан.
Ербол Қарашөкеев облыста балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу жұмыстары әлсіз әрі тиімсіз жүргізіліп жатқанын атап өтіп, бұрын тіркелген деректерді терең талдауды тапсырды. Сондай-ақ аймақ басшысы білім беру ұйымдары мен ата-ана арасындағы байланысты нығайту, психологтардың кәсіби біліктілігін арттыру, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру бойынша нақты міндеттер жүктеді. Бұл бағыттағы жұмыстарға атсалысуы тиіс «Ақсақалдар», «Аналар» және Қоғамдық кеңесті, «Әжелер» мектебі мен үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетіне ерекше назар аудару қажеттігін ескертті.
Осы ретте біз дәрігер маманның пікіріне құлақ түріп, жастар арасында белең алып бара жатқан өз өміріне қасақана қол жұмсауға итермелейтін факторлар туралы сұрадық.