Жамбыл жаңалықтар

Жуалыда дропперлікпен айналысқан әйелге сот үкімі шықты

Бұл туралы Жамбыл облысының Жуалы аудандық соты мәлімдеді.

Жуалы аудандық соты материалдық сыйақы үшін үшінші тұлғаға өзінің банктік шотына қолжетімділікті заңсыз ұсыну фактісі бойынша азаматша П.-ға қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Сотпен анықталғаны

Сотталушы «Tik-Tok» қосымшасында оңай табыс табу мүмкіндігі туралы хабарландыруды көрген. Белгісіз тұлға А. оған оның банктік шотын пайдаланғаны үшін ақшалай сыйақы ұсынған, соңғысы келіскен.

Сол күні А. сотталушының 2 банктегі шоттарына 13 млн теңгеден астам ақша аударымын жүзеге асырып, содан кейін П. бұл ақшаны А. көрсеткен 3 бейтаныс адамның шоттарына аударған. Сотталушы аударымдардан түскен қаражаттың қалдықтарын өз қалауы бойынша басқарған.

Кінә сотталушының айғақтарымен, заттай дәлелдемелермен және істің басқа да материалдарымен дәлелденді.

Тараптардың позициясы

Прокурор айыппұл түрінде жаза тағайындауды сұрады.

Сотталушы кінәсін толық мойындап, істеген ісіне өкініш білдіріп, ұзақ уақыт бойы ешқандай табысы болмағанын түсіндірді және соттан оны қатаң жазаламауды сұрады.

Сот үкімі

ҚК 232-1-бабы 1-бөлігінің санкциясы 160 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуды не сол мөлшерде түзеу жұмыстарын, не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуды көздейді.

Сот кінәні мойындауды, шын жүректен өкініш білдіруді және жас балаларының болуын жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Сот үкімімен сотталушы П. ҚК 232-1-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған айыппұл түріндегі жаза тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.